ШҚО-да МӘМС аясында 280 мыңнан астам медициналық консультативтік-диагностикалық қызмет көрсетілді

22.02.2020

Шығыс Қазақстан облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ-ның ШҚО-дағы филиалының директоры Ғалымжан Әбілов МӘМС жөнінде жүргізілген жұмыстардың бір айлық қортындысын мәлім етті.
– Биыл Шығыс Қазақстан облысында өткен жылмен салыстырғанда денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 35 пайызға артып, 101 млрд.теңгені құрады. Оның ішінде 72 млрд теңге тегін медициналық көмектің кепілді көлеміне бағытталса, 29 млрд.теңге МӘМС пакетіне жұмсалады. Сондай-ақ, аймақта денсаулық сақтау субъектілері көбейіп, медициналық сақтандыру қоры жеткізушілерінің бірыңғай базасында тіркелген. Бүгінде мұндай 157 мекеме бар. Оның ішінде 103-ші қормен тікелей келісімшартқа отырғанын айта кеткен орынды. 42 жеткізуші мекеме жекеменшік болса, 61-і мемлекеттік, - деді Ғалымжан Әбілов.
Брифинг барысында жауапты сала мамандары алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету басты бағыттардың бірі екенін атап өтті. Мұндағы басты мақсат – көмекке мұқтаж пациенттерге қол ұшын беріп, консультативтік-диагностикалық көмек сынды басқа да қызмет түрлерін ұсыну.
– Қаңтар айында тұрғындардың консультативтік-диагностикалық кеңес алу үшін дәрігерлердің көмегіне көптеп жүгінгені анықталды. МӘМС аясында 280 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетілді. Оның ішінде 53 пайызы дәрігерлердің көмегіне жүгінсе, 16 пайызы УДЗ мен ЭКГ-ға түсіпті. Ал 22 пайызы лабораториялық қызметтер алған. Қалған 7 пайызға стоматологиялық көмек берілген, - деді Ғалымжан Әбілов.
Айта кетейік, қаңтар айында 421 шығысқазақстандық компьютерлік томография мен магниттік резонастық томографияға тегін түскен. 1600 науқас МӘМС пакеті бойынша стационарда ем қабылдады. Екі мыңнан астам адамға стационарды алмастыру қызметі көрсетілді. Оның ішінде науқастарды жоспарлы жатқызу көрсеткіші 26 пайызға арттып, шұғыл түрде ауруханаға жатқызу 12 пайызға төмендеді. Осылайша, емдеу мен оңалту қызметтері барлық тұрғынға қолжетімді болды. 
Алайда, соған қарамастан медициналық ұйымдарда қордаланып жатқан мәселелер аз емес. Мысалы, Өскемендегі балаларға арналған стаматологиялық емхананың қызметкерлеріне ағымдағы жылдың қаңтар айында жалақы мүлдем төленбеген. Оның себебін Ғалымжан Әбілов былай деп түсіндірді. 
– Науқастарға көрсетілген қызмет түрлері ақпараттық жүйеге қате енгізілген. Соның салдарынан төлем жүйесінде олқылықтар орын алған. Қазір тиісті жұмыстар атқарылып, бұл мәселе шешімін тапты, - деді Ғалымжан Әбілов.
Алдағы күндері Өскемендегі балаларға арналған стаматологиялық емхананың қызметкерлеріне жалақы төленетін болады.

Похожее