ШҚО-ның аудан орталықтары мен қалаларында көше шамдары жаңартылады

23.02.2019

Бұл туралы тұрғындармен есепті кездесуі барысында ШҚО әкімі Даниал Ахметов мәлім етті.

Облыс басшысының айтуынша, қазіргі таңда сәтімен іске асып жатқан жобалардың бірі «Қалалар мен аудан орталықтарының көшелік жарықтандырылуын жаңғырту» жобасы. Нақтырақ айтсақ, сегіз қала мен 11 аудан орталықтарының көшелік жарықтандыру жүйесін түбегейлі өзгертуге жалпы сомасы 10,4 млрд теңге бағытталған.

– Осыған байланысты, облыс әкімдігі Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп Өскемен мен Семей қалаларының көшелік жарықтандырылуын жаңғыртуға кірісті. Бұл – 687 тірек пен 26,5 мың шам кешенді түрде жаңарады деген сөз. Мұнымен қатар шамдарды басқарудың автоматты жүйесі де енгізіледі. Аталмыш жобаны іске асыру жарықтандыруға жұмсалатын шығын көлемін 40 пайызға дейін үнемдейтін болады, - деді Даниал Ахметов.

Осы жобаның аясында облыстың барлық аудан орталықтарында 10 мың көшелік шамды ауыстыру жоспарлануда.

Бұдан бөлек өңірде абаттандыру бағдарламасына сәйкес аудан орталықтары мен 100 ауылда абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, 120 мың көшет отырғызылатын болады.

Похожее