Даниал Ахметов: «Аягөз қаласында қызыл судан зардап шеккендердің бәріне көмек көрсетіледі»

14.03.2018

Бұдан бөлек Даниал Ахметов Үржар, Күршім, Жарма сияқты жоғары қауіп төнген аудандар аумағындағы жағдайдың жіті назарға алынғанын, арнайы тікұшақпен бақылау басталғанын айтты.

ШҚО әкімі Даниал Ахметов Аягөз қаласына арнайы келіп, тұрғындармен кездесті. Аймақ басшысы қызыл судан зардап шеккен аягөздіктердің ешбірі биліктің назарынан тыс қалмайтынын, барлығына тиісті деңгейде көмек көрсетілетінін жеткізді, деп хабарлайды 16news.kz сайты баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осыдан 2 күн бұрын кіші Аягөз өзені арнасынан он есе асып, нәтижесінде аудан орталығындағы үш шағын көпірді қиратып, 148 үй су астында қалған еді. Ауданда табиғи апатқа байланысты төтенше жағдай жарияланып, зардап шеккен үйлердің тұрғындары дереу қауіпсіз жерге көшірілген болатын. Қазіргі таңда олар арнайы мекемелерге орналастырылып, ыстық тамақ және төсек-орынмен толық қамтамасыз етілген.

Айта кету керек, суда қалған 148 үйдің бүгінде 8-і құлаған. 10 үй апатты жағдайда тұр. Алайда ШҚО әкімі бұл сан алдағы күндері еселенуі ықтимал, сондықтан соңғы көрсеткіш емес дейді. Қызыл судың өтінде қалған әр үйді өзі аралап шыққан Даниал Ахметовке тұрғындар арыз-шағымдарын барынша жеткізді. Мәселен, қирап қалған үйлердің ішінде Желтоқсан көшесі, 72 мекен-жайында орналасқан Ильмира Қайымбаеваның баспанасы бар. Кішкентайына аяғы ауыр отанасы «қабырғасы сөгіліп, іргесі қираған шаңырағымды кім қалпына келтіріп береді?» деген сауалын қойды Даниал Ахметовке. Облыс әкіміне дәл осы сипатта жолданған жалғыз сұрақ болмады бұл. Өз кезегінде ондаған аягөздіктің қабырғасын қайыстырған, қала берді күллі Қазақстан халқын толғандырған мәселеге ШҚО әкімі былай деп нүктесін қойды.

- Бірде-бір Аягөздің тұрғыны назардан тыс қалмайды. Баспанасы жарамсыз қалған отбасыларына осы қаладан үй сатып алып береміз. Қазіргі таңда Аягөзде 15 үй сатылады деген ақпарат берді маған. Солардың бәрін сатып аламыз. Одан кейін орталықта 60 пәтерлі жаңа үй бой көтеріп жатыр. Сол жерден пәтер береміз. Ешкім баспанасыз қалмайды.

Облыс әкімі мәлім еткен ресми жауапқа ризашылығын білдірген тұрғындар көз жастарын жасыра алмады.

- Үй береміз деп уәде берді. Алла бұйырса алдағы таңда баспаналы боламыз. Мамырда балам дүниеге келеді. Даниал Ахметовке зор алғыс білдіремін. Бәріне рахметімді айтамын. Келіп, көріп, жағдайымызды сұрап жатыр. Қуаныштан жылап тұрмын, - дейді Ильмира Қайымбаева.

ШҚО әкімі Даниал Ахметов сондай-ақ, ертең Аягөзге облыстық «Парыз» қорынан 50 миллион теңге жолданатынын жеткізді. Аталған қаражат күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерді, атап айтқанда көмір, азық-түлік, киім-кешек сияқты тұрмыстық жағдайды шешуге жұмсалады.   

Апат салдарын есептеуге құрылған арнайы комиссия жұмысын жалғастыруда. Бүгінде өзен деңгейі біршама төмендеген. Жергілікті билік көпірлерді қалпына келтіру жұмыстарын атқаруда. Ал қалада құрылған еріктілер қызыл су шайып өткен аумақтарды тазалау жұмысын жүргізуде.

Бұдан бөлек Даниал Ахметов Үржар, Күршім, Жарма сияқты жоғары қауіп төнген аудандар аумағындағы жағдайдың жіті назарға алынғанын, арнайы тікұшақпен бақылау басталғанын айтты. 

Похожее