Димаш Құдайбергеннің Нью-Йорктегі концерті: қазақстандық команданың ортақ жұмысы

17.10.2019

Қазақстандық орындаушы Димаш Құдайберген 10 желтоқсан күні Нью-Йоркте (АҚШ) «Arnau tour ENVOY» деп аталатын жеке концертін береді.  

Концертті ҚР Мәдениет және спорт министрлігі АҚШ-тағы Қазақстан Республикасының мәдени күндері аясында ұйымдастырмақ. Димаш 19 мың көрерменге арналған «Barclays Center» аренасында өнер көрсетеді. Концерт билеттері 13 қыркүйекте сатыла бастаған.

«Arnau tour ENVOY» — әлем назарын елімізге аударатын үлкен имидждік жоба. 2019 жыл Қазақстанда Жастар жылы деп жарияланды. Концерттік бағдарламаға дайындық жұмыстарымен қазақстандық дарынды жастардың айналысып жатқаны тегін емес. Шоу бағдарламаға қатысушылардың орташа жасы – 25 жас.

- Мен әлемге мәдениетімізді «Arnau tour ENVOY» шоуы арқылы паш ететініме қуаныштымын. Нью-Йорктегі концерттің көрермендері заманауи нақыштағы қазақтың саф өнерімен таныса алады. Біз бүкіл командамызбен осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Осы жобаға қатысы бар әр адам кәсіби мамандар дей аламын, -  деп Димаш Құдайберген әсерімен бөлісті.

Қуаныш Бекен, Арсен Именов сынды шоу хореографтары өз ісінің майталмандары.  Қуаныш Бекен ISDS бойынша «The Best Choreographer 2018» атанды, сондай-ақ телевизиялық жобаларда, клип және эстрада жұлдыздарының үлкен концертінде қоюшы хореограф болған. Арсен Именов Contemporary art бағытында жұмыс істейді. Түрлі еуропалық труппаларда өзін сынап көрген. Жігіттер Димаштың дауысы мен музыкалық аспаптардың үнін дене қимылы арқылы үйлестірудің түрлі амалын тапты. 

Концерттегі  барлық хореографиялық элементтерді 10 бишіден тұратын қазақстандық топ орындайды. Олардың қатарында «Танцы на ТНТ» шоуының финалисі Александр Ли де бар. Александр «ARNAU» концертінде жеке композиция ұсынған болатын, енді осы номердің жетілдірілген түрін Нью-Йорк көрермендері тамашалай алады.

DQ_band – концертке қатысатын музыканттар мульти аспапшылар болып табылады. Ұжымның әр мүшесі бірнеше аспапта еркін ойнай алады.

Афишалардағы Димаштың жарқын бейнесін қазақстандық фотограф Евгения Волкова түсірген. Постерді Contemporary art және New Media Art жанрларының жас та хас өкілі Ринат Абдрахманов дайындады. Ринат визуалды әсер беру арқылы шоу идеясын графикалық нұсқада ерекше әзірлеген. «Arnau tour ENVOY» афишасының дизайн авторы алматылық жас дизайнер Анастасия Шиповалова.

Шоудың промо-ролигін дарынды қоюшы оператор Азамат Дулатов дайындады. Азаматтың портфолиосында қазақстандық және ресейлік жұлдыздардың фильмдері мен клиптері бар. «Arnau tour ENVOY» үшін бейнелер Шарын шатқалында түсірілді. Қосымша түсірілімдер кейбір хореографиялық элементтер түсірілген павильонда жүргізілді. Ролик негізі ретінде қазақтың «Дүрдараз» әні таңдалды.
 
 
Димаш пен қойылымның басқа да қатысушыларының образын отандық стилист Әнел Нұрашева ойлап тапты. Ол әртіс пен шоу тұжырымдамасын түйсіне білді және барлық бағдарламаны түгелдей қабылдауға мүмкіндік беретін дұрыс образ жасады. Бұл жұмысқа басқа да қазақстандық дизайнерлер атсалысқан.   

Димаштың тобымен бірге Нью-Йоркке «Астана балет» театрының ұжымы келеді. Бұл ұжым мүшелері 2013 жылдан бастап Қазақстанда және одан тыс жерлерде өнер көрсетіп,  көрермендерді таң қалдыруда. Театр репертуары - жарқын және қайталанбас  туындылардан тұрады. Мұнда классикалық және қазіргі заманғы стильдер мен ұлттық хореографияның синтезін байқауға болады.

Ғарыштық шоуды құруға атсалысып жатқан мамандардың жан-жақтылығы – Димашты бар қырынан көрсететіндей. Шоудың ұйымдастырушылары команданың көрермен тарапынан жоғары баға мен қошемет аларына сенімді.   

«Arnau tour ENVOY» тұжырымдамасында 2019 жылдың жазында Нұр-Сұлтан қаласында өткен «ARNAU» концерттік бағдарламасының үздік сәттері топтастырылған. Бұл концерт артистің туған жеріне деген ықыласын көрсетсе, жаңа шоу Димашты қазақ мәдениеті мен әлем музыкасының елшісі ретінде танытады.

Жаңа шоудың лейтмотиві ретінде ғарыштық тақырып – шексіз кеңістік таңдалған. Шоуда ескі хиттермен қоса, осы шоу үшін арнайы дайындалған жаңа шығармалар ұсынылады. Димаш қазақ, ағылшын, орыс және қытай тілінде ән салады.

БАҚ үшін қосымша ақпарат алу үшін media@askredpoint.com электрондық поштасына және + 7 702 293 39 63 нөмірі бойынша хабарласыңыз.

Қосымша ақпарат:

Димаш Құдайберген – «Халықтың сүйіктісі» ұлттық жүлдесінің, «Қазақстан халқының бірлігін арттыруға қосқан үлесі үшін» ҚР Президентінің құрмет грамотасының иегері атанды. 2016 жылы ҚР тұңғыш Президенті-ұлт көшбасшысының мемлекеттік стипендиясын иемденді. Димаш Құдайбергеннің дауысы 6 октавалы диапазонға ие. Оған қоса, әнші бас және фальцет ноталарын меңгерген. Димаштың тембрі – лирикалық тенор. Димаш Витебскте өткен «Славянский базар-2015» байқауында жоғары өнер көрсетіп, Гран-При иегері атанған. Сол жылы ол Стамбулда өткен «ABU TV Song» халықаралық Азия-Тынық мұхиты телефестивалінде  Қазақстанды бүкіл әлемге танытты. Кейін 2017 жылы «I am a Singer» ірі қытайлық телебайқауда миллиондаған жанкүйер мен халық ықыласына ие болды.

Похожее