Ардақ Назаровпен кездесудің әсері

22.02.2019

15 ақпан күні, Өскемен қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде , ережесіз жекпе-жектен екі дүркін әлем чемпионы, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Ардақ Назаровпен кездесу өтті.

Ардақ Назаров - 1980 жылы 14 қазанда Алматы облысының Райымбек ауданында дүниеге келген. Джиу-джитсудан Қазақстан чемпионы. Ережесіз жекпе-жектен әлемнің екі дүркін чемпионы  және әлем кубогының иегері, Еуразияның екі мәрте чемпионы, Азия, Еуропа чемпионы, Еуропа-Азия матчтық кездесуінің, Санкт-Петербор, Бішкек, Владивосток, Сеул қалаларында өткен халықаралық турнирлердің жеңімпазы.

Кездесуді асыға күттік. Бұл жүздесу жас ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануымен қатар  ата-ананы құрметтеу, имандылық, ізеттілік, адамгершілік секілді құндылықтарды бойына сіңіру  мақсатында өткізілді. Алғашқы сөз алған Ардақ Назаров оқушыларға тарихта өткен батыр бабаларымыздың ерліктерін баян етіп, тәуелсіздіктің қандай қиыншылықпен келгеніне жіті тоқталды. Киелі даланы мекен еткен көшпенді бабаларымыздың жауынгерлік ерліктері туралы тарихи қиссаларды оқушыларға шебер жеткізіп, сол батырлардың жеке-жеке есімдерін еске алды. Ардақ Назаров өзін тек спорттық жағынан ғана емес, тарих пен әдебиет саласынан да біліктілігін көрсете білді.

«Алла Тағала беріп те сынайды, алып та сынайды. Дүние бүгін бар, ертең жоқ. Бірақ, адамзатты сұлулықпен, мансаппен, байлықпен, дүниемен өлшеуге болмайды. Адамзаттың өлшемі – оның руханиятында, оның тектілігінде, мәрттігінде, адами құндылығында», – деп қорытындылады ол сөзін.

Біздің де, Ардақ ағамызға ұқсағымыз келеді. Ол кісіден бойымызға жақсы қасиеттерді алдық.  Ардақ ағамызмен естелікке суретке түсіп, одан алған керемет әсерлерімен бөлісіп, қуаныштарымызды  жасыра алмадық. Барлығымыз да оның адалдығына , терең ойлы азаматтық тұлғасына тәнті болдық. Бір сөзбен  айтқанда, Ардақ,  ісі мен сөзі сәйкес келетін жан.    

 

                                                            9 «Е» сынып оқушылары

 

Похожее