Бруцеллез туралы не білуіміз керек?

12.04.2019

Бруцеллез – жұмыс жасау қабілетінен ұзақ мерзімге дейін айыратын жұқпалы аурушаңдық. Бруцеллезге барлық үй жануарлары шалдығады, соның ішінде қойлар, ешкілер, ірі қара мал, шошқалар мен иттер де ауырады. Сау малды ауру малмен бірге ұстаған кезде ауруды жұқтырады. Бруцеллезге шалдыққан малда жиі кездесетін белгілер – мал түсік тастайды, төлі өлі туады немесе қысыр қалады.

          Бруцеллез адамдарға қалай жұғады?

Ауру мал түсік тасағанда, төлдеу кезінде адамдарға өте қауіпті болады, өйткені бұл кезде малдың сүті, нәжісі арқылы сыртқы ортаға бруцеллез тудыратын микробтар көптеп бөлініп шығады. Осылармен қатар малдың терісі, жүні, тезегі, мал-қораның маңайы, ондағы құрал-саймандар, топырақ ластанады. Ауру қоздырғыштар ұзақ уақыт (6 айға дейін) сыртқы ортада сақталады және адамдарға жұғу қаупі жоғарылайды.

          Адамдар мал-қораны тазалау, малды күтіп-баптау не болмаса малды тудырып алу кезінде алғашқы көмек жасағанда жұқтырып алуы мүмкін. Сондай-ақ ауру малдың сүті мен сол сүттен дайындалған термикалық өңделмеген тағамдарды тұтыну кезінде жұқтырады. Балалар мал төлдеу уақытында қозы-лақтармен, торайлармен ойнау арқылы, бруцеллезбен зақымдаған малдың жүнімен жұқтырып алады. Ауру қоздырғыш ағзаға ауыз қуысы арқылы, қолдағы жарақат және денедегі басқа да шырышты қабатқа өту арқылы келеді.

Бруцеллездің белгілері

Адамдарда бруцеллездің алғашқы белгілері зақымдағаннан кейін 1-2 аптада, кей кездеі 1 айдан кейін біліне бастайды. Көп жағдайда дене қызуы көтеріледі (39-40 гр С), қалтырау байқалады. Уыттану белгілері: бас ауруы, ұйқының қашуы, тәбеттің болмауы, түн мерзімінде қатты тершеңдік, әлсіздіктің болуы. Бірнеше күннен кейін буындарда атап айтқанда, тізе, иық, кей жағдайда шынтақ буындары ісіне бастайды. Пішіні өзгеріп, терісі майдаланады, ісіну байқалып, жұмсақ тіндер қабынады. Бауыр мен өт үлкейеді. Науқастың дене салмағы азаяды.

Ауруға шалдыққан адам дер кезінде дәрігерге көрініп, ем қабылдаған жағдайда, науқасынан айығады. Ауру асқынған кезде нерв жүйесі зақымданып, тірек-қозғалыс және қан-тамыр жүйесінің қызметі бұзылады.

Бруцеллезден сақтану жолдары.

Бруцеллез ауруынан адамдарды қорғау үшін ең алдымен үй жануарларының бруцеллезбен ауруына жол бермеу қажет.

-Мал түсік тастағанда міндетті түрде ветеринарлық дәрігерге хабарлау қажет.

-Бұндай малды тез арада бөлек орынға орналастыру керек.

өлген төлдің қалдықтарын мұқият жинап, арнайы мамандардың келуін күту қажет. Өлексені иттерге беруге болмайды.

-Жаңадан туылған төлді үйге кіргізуге болмайды. Бруцеллез микробын енгізу қаупі бар.

-Үй жануарларына қарайтын адам арнайы киім, етік, қолына қолғап кию керек.

-Үйге сырт киіммен кіруге болмайды.

-Үй жануарлары тұратын қора жайына тамақ ішуге, шылым шегуге және демалу орны ретінде қолдануға болмайды.

-Шикі сүт ішуге болмайды.

-Бруцеллез малының етін мұқият қайнату немесе әбден қуыру қажет. Мал сатып аларда ветеринарлық дәрігерден арнайы анықтама талап ету қажет.

Қала тұрғындарының назарына: көше бойында, аула ішінде сатылып тұрған сүт және сүт өнімдерін, ет сатып алуға болмайды.  Мал өнімдерін сапасына кепілдігі бар, ветеринарлық-санитарлық бақылаудан өткен арнайы сауда орындарынан алған жөн.

Сапалы азық – денсаулық кепілі екенін ұмытпайық!

 

Похожее