Өлкеге танымал тұлға

31.01.2019

31 қаңтар күні сағат 15.00-де А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада өлкемізге кеңінен танымал тұлғамен кездесу өтеді. Ол – белгілі журналист, жазушы, 6 тарихи бестселлердің авторы, тарихшы-зерттеуші, биылғы жылдың мерейтой иегері Вадим Геннадьевич Обухов.

В.Г. Обуховтың кітаптары Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Туған жер» жобасында «білім, экология және көріктендіру, өлке тарихын зерттеу саласында байыпты өлкетану жұмыстарын ұйымдастыру» қажеттілігі туралы айтқан сөздерімен үндес келеді. Мысалы, В.Г.Обуховтың «Уран для Берии»  кітабы кен орындарын барлау және пайдалы қазбаларды өндіру, Семей ядролық полигоны құрылысы мен оны пайдалану, Үлбі металлургия зауытының тарихына байланысты оқиғаларды баяндайды.      

Автор өз шығармаларында тек нақтылы деректерге, соның ішінде бұрын орыс тілді оқырманға жетпеген ағылшын тілді мәліметтерге, сондай-ақ, оқиға кейіпкерлерінің естеліктеріне сүйенеді. Жуықта Мәскеу қаласында жазушының  «Потерянное Беловодье» кітабы үшінші рет қайта жарыққа шықты. Бұл кітап Ресей астанасындағы ірі кітап дүкендерінің бірі – «Москва» өткізген оқырман сұранысы рейтингісі бойынша  әскери тақырыптағы 114 кітаптың қатарынан төртінші орында, ал «Военные тайны XX века» сериясы басылымдары арасынан бірінші орынға шықты. Шығарма Ресей ғана емес, Прибалтика, Израиль, Германия тағы басқа елдерде де үлкен сұранысқа ие.

Вадим Обухов – жан-жақты тұлға: Шығыс Қазақстан облыстық «7 дней»  газетінің бас редакторы,  "Прииртышье" баспа үйінің директоры, Шығыс Қазақстан облысы әкімі сыйлығының екі мәрте лауреаты, белсенді қоғам қайраткері – Шығыс Қазақстан облысы Орыс мәдени орталығы төрағасының орынбасары, ШҚ полиция департаменті консультациялық кеңесінің мүшесі. Сонымен бірге, Орта Азия елдері мәселелеріне арналған халықаралық симпозиумдарға қатысып, баяндама жасаған. В.Г. Обуховтың қызметі Қазақстан, ТМД, Ресей және Украина елдерінің мемлекеттік және қоғамдық марапаттарымен атап өтілген.

Вадим Обухов – Шығыс Қазақстан өңірінің дамуына зор үлесін қосқан тұлға, оның қызметі мен шығармашылығы экономика ғылымдарының кандидаты А.Исаевтың: «Тұлғаның деңгейі адамның алдына қойған мақсатымен және ол қол жеткізетін нәтижемен анықталады» деген сөзіне толық жауап береді. Биылғы жыл - Жастар жылы, ал, В.Г. Обуховтың өмірі мен шығармашылығы осы жас ұрпаққа үлкен үлгі-өнеге.  

Кітапхана жастар мен қала тұрғындарын осы тамаша кездесуге шақырады. Қатысушылар кездесу кейіпкеріне сұрақтарын қойып, оның өмірі мен шығармашылық ізденісі, өлке тарихының «ақтаңдақ парақтарын» зерттеудегі шеберлігі жайында мол мағлұмат ала алады.

Похожее