Ұлы даланың қырлары – қылқалам шеберінің туындыларында

07.12.2018

Шығыс Қазақстан өнер музейінде Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі Есенғали Садырбаевтың Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күніне арналған «Ұлы Дала тарихы» жеке көрмесі салтанатты түрде ашылды.

Есенғали Садырбаевты тамаша кескіндемеші ғана емес,  сонымен бірге ғалым – зерттеуші суретшілердің қатарына жатқызуға болады. Суретші  Алматы көркем мектебін және Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік педагогикалық университетін тәмәмдап, арнайы білім алды.  «Казмузейреставрация» ЖШС жұмысы оған шеберлігін шыңдаудың  мектебі болды. 2002 жылдың қараша айында Ә. Қастеев атындағы өнер музейінде оның алғашқы жеке көрмесі  тұсауын кесті.

Е. Садырбаев көп еңбектенді, елеулі биіктерге қол жеткізді – өз стилін қалыптастырды, Отанында, шет елдерде танымалдыққа ие болды. Оның суреттері Қазақстанның ірі қалаларында, Ресей, Қырғызстан, сондай-ақ Австрия, Венгрия, Түркия, Араб Эмираттары және Малайзия мемлекеттерінде қөрмелерге қойылды.

– Жақында Латвия елінде көрмем өтті, дейді суретші. Балтық жағалауындағы көркем сурет өнерін бағалаушылар менің Ұлы дала тарихы өрнектелген суреттеріме ерекше қызығушылық танытты. Бір жағынан қазақ даласының осынша бай салты, дәстүрі, өнері бар екендігіне олар таң қалды.

Кез келген  суретшіге тарихи жанрда жұмыс істеу –  өз болмысыңды көрсетудің ең күрделі түрі болып саналады. Есенғали Садырбаев Ұлы дала тарихын сан жылдар бойы жазып келеді.  – Мен қажетті сюжеттерді ол музей мұрағаттарының материалдарынан, тарихшылардың ғылыми еңбектерінен, археологтардан, жылнамалардан табамын, дейді қылқалам шебері. – Бірнеше жыл көлемінде Шығыс Қазақстандағы археологиялық қазба жұмыстарына қатыстым. Ал, шығармашылық қиялым мен шабытым ерте уақытта өткен тұрмыстық тіршілікті және адам бейнелерін жан-жақты қалыптастыруға мүмкіндік береді.

       Өскеменде өтіп жатқан көрмеде Е. Садырбаевтың дәстүрлі қазақ аңшылығы тақырыбындағы суреттер ұсынылған. Бұл туындылар  көшпенділер өміріне деген оның көпжылдық  қызығушылығының нәтижесі деуге болады. Оның кенептеріндегі аң аулаудағы жеке және қоршап ұстау сахналары – сөзбен айтып жеткізуге болмайтын аңшының әуесқойлылығы мен эмоциялары. Сондай-ақ «Жібек Жолы» тақырыбындағы көркемдік жұмыстарының сериясы, бір кездері Европа, Қытай және Азия мемлекеттерін жалғап жатқан керуен жолдарының бойындағы қазақтың гүлденген ежелгі қалаларына арналады. Тарихшы және патриот ретінде суретші Евразия континентінің ортасында жайғасқан Қазақстанды Шығыс Ренессансы мәдениетінің ажырамас бөлігі ретінде көрсете білді. «...Кеңістік пен уақыт көкжиектері түйіскен», Қазақстанның нағыз ұлттық тарихы басталды деген Елбасының сөздерінің айғағы  Есенғали Садырбаевтың суреттері – Ұлы Дала тарихының  романтикалық иллюстрациясы, ал бұл көрме – мәдениеттану үрдісінің тағы бір дәлелі.

Похожее