Сарыарқа: экспедиция қорытындысы

05.09.2018

«Ұлы Дала Eліне саяхат» жобасы шеңберінде Қазақстанның төрт облысы аумағында өтіп жатқан «Сарыарқа» бағыты экспедициясы өз мәресіне жетті. 20 тамызда басталған экспедиция он алты күнге созылды.

Осы уақытта қатысушылар 4000 шақырымнан астам жолды еңсеріп, бес ұлттық табиғи саябақта болып қайтты. «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-ның бастамасы бойынша «Сарыарқа» экспедициясының бағытын жүзеге асырушы – «QazaqGeography» РҚБ.
Ақмола, Павлодар, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы ландашфты әртүрлі, өсімдіктер мен жануарлар әлемі өте бай ең көрікті жерлер саяхатшыларға құшағын айқара ашты. Бұл -  «Ұлы Дала Eліне саяхат» жобасы шеңберіндегі төртінші бағыт болатын. Басқа бағыттардағыдай, осы экспедиция құрамында да саяхатшылар, телевизия журналистері мен туроператорлардың өкілдері, шетелдік және қазақстандық тревел-блогерлер: атап айтсақ - ресейлік тревел-блогер Елена Хачина мен қазақстандық саяхатшы, блогер Ұлан Әлімбек бар.
«Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағында экспедиция мүшелері тіршілік ететін табиғи ортасында маралдарды тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Сол кездегі күн райын ескерер болсақ, саяхатшыларға оңай болмады: нөсерлі жауын астында шатырда түнеу – кез келген туристің қолынан келер іс емес.
Осы саябақта құстардың небір түрі мекендейтін көл бар. Бұл – саябақ аумағындағы ең ірі көлдердің бірі - Әжібай көлі. Мұнда бёрдвотчерлер (құстарды тамашалағанды ұнататындар) келеді.
Экспедиция қатысушыларының келесі тоқтаған жері – Баянауыл ұлттық табиғи саябағындағы Торайғыр көлінің жағасы. Көл өте әдемі, суы мөлдір, жағасы жартасты және қандығаштан тұратын тылсым тоғай. Көлдің бұлай аталуы әйгілі Едіге бидің ұрпағы Торайғырмен байланысты. Ол өте әділ әрі парасатты адам болған. Осы көлдің бойында өмір сүргендіктен, халық көлге оның атын берген. Жалпы алғанда Баянауылдың тарихы бай, табиғаты әсем, ол туралы аңыздар мен әпсаналар өте көп.  
Баянауыл саябағында экспедиция қатысушылары барған тағы бір көл – Жасыбай. Бұл - туристердің сүйікті орны, және мұнда инфрақұрылым біршама дамыған.
Қарағанды облысының аумағындағы Қарқаралы мемлекеттік ұлттық саябағында экспедиция тобы Шайтанкөл деп аталатын тағы бір көлмен танысты. Көл тау басындағы тастардың арасында орналасқандықтан, мұнда тек жаяу жетуге болады. Бұл жер туралы аңыз өте көп, жергілікті халық мұнда жын-перілер мекендейді деп санайды.
Қарқаралы ауданының әкімі Халел Мақсұтов қатысушыларды Қазақстандағы ең ескі мешіттердің бірі, Құнанбай қажы салдырған мешітті көруге шақырды. Бүгінге дейін мешіт көп өзгерістерге ұшыраған. Кеңес үкіметі тұсында сәулеті ерекше мешіт бос қалған болатын. 1920 жылы мешіттің мұнарасы қиратылып, ғимараты мектеп ретінде берілсе, кейіннен қойма қызметін атқарды да, бертін келе мүлде бос қалды. 1980 жылдары мешіт қайта жөнделіп, бүгінде өзінің бастапқы мақсатында қайта қолданылуда.
Ары қарай экспедиция мүшелері еліміздегі ең үлкен су қоймалардың бірі – Балқаш көліне бет алды. Бұл өте ерекше көл, оның батыс жағы – тұщы, ал шығыс бөлігі ащы болып келеді. Көлде балықтың шамамен жиырмаға жуық түрі, ал жағасында құстың 120-дан астам түрі мекендейді, олардың көпшілігі Қазақстанның Қызыл ктіабына енгізілген.
Балқаштың сол жағалауында жұмбағы мол, табиғаты сұлу Бектау ата тауы бар. Мұнда келгенде саяхатшылардың алдында керемет «марс» пейзажы көрінді. Бұл екі табиғи ландшафт – гранитті тау мен құмды даланың түйіскен табиғи ортасы. Бектау ата гранитті жартастары – жері беті мен жарықшақтарында қалған жанартау лавасы. Жанартау қатпарлары өте әдемі. Бұл таудағы ең көрікті жерлердің бірі - Атабек үңгірі. Оның ұзындығы 50 метр. Мұнда тәңіршілер Ұмай анаға арнап діни рәсімдер жасаған деп саналады.
Ортауда экспедиция мүшелері Шұнақ метеорит кратерін көріп, содан соң ежелде жартастарға салынған суреттер сақталған археологиялық ескерткіші бар Теректі шатқалына бет алды. Теректі әулие шатқалында «аң стилінде» салынған жануарлардың суретін көруге болады. Шатқалда шамамен 300 петроглиф бар.
Саяхатшылар осы бағытта тағы екі ұлттық саябаққа барды, олар: «Көкшетау» және «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтары, сонымен қатар «Сарыарқа» нысаны құрамында ЮНЕСКО дүниежүзілік мұрасына (Солтүстік Қазақстанның даласы мен көлдері) кіретін Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы.
Қатысушылардың айтуынша, бағыт қызыққа толы және өте әсерлі болды. Күн сайын бір біріне ұқсамайтын жаңа пейзаждар, табиғаттың бірегей ескерткіштері, оқиғалар мен жаңа әсерлер өте көп болды.
«Ұлы Дала Еліне саяхат» жобасы аясында тағы екі бағыт бар екенін естеріңізге саламыз, олар: Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау облыстары аумағы арқылы өтетін «Теңізден теңізге дейін» және Түркістан, Жамбыл, Алматы облысытарының аумағын аралайтын «Жаңа Жібек жолы». «Жаңа Жібек жолы» бағытына National Geographic Ресей телеарнасының командасы қатысады.
Экспедиция қорытындысы бойынша, «Kazakh TV» телеарнасында туристік нысандарға баруға қатысты арнайы бағдарлама ашылады. Экспедицияның ресми медиа-серіктесі - «Хабар» агенттігі.

Похожее

Турция стоимость всех туров переводит в евро и разнопланово повышает стоимость турпакетов
Турция стоимость всех туров переводит в евро и разнопланово повышает стоимость турпакетов

01.03.2019 09:26

В Казахстане, как и во многих странах мира в спешном...

Бронируя заранее можно приобрести туры со скидкой до 60%
Бронируя заранее можно приобрести туры со скидкой до 60%

20.02.2019 09:28

Что такое раннее бронирование и какие новые...

Какие опасности и риски таят в себе авторские туры
Какие опасности и риски таят в себе авторские туры

08.02.2019 10:01

Что такое авторские туры? В чем их особенность,...

Авторлық турлардың артында қандай қауіп-қатерлер мен тәуекелдер тұр
Авторлық турлардың артында қандай қауіп-қатерлер мен тәуекелдер тұр

08.02.2019 10:00

Авторлық турлар дегеніміз не? Олардың ерекшелігі...