Көпбалалы ана: «Жаңа үй – жаңа өмір!»

18.03.2019

Шығыс Қазақстанда кәсіпкер көпбалалы анаға баспана тарту етті. «Бақытты отбасы» ұлттық жоба арқасында бес бала тәрбиелеп отырған жанұя өмірінің жаңа кезеңі басталды.

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Катон-Қарағай ауданындағы Балғын ауылының тұрғындары көпбалалы ана Надежда Константинованы құшақ жая өз орталарына қарсы алды. Туған өлкесінің дамуына зор үлес қосып келе жатқан кәсіпкердің арқасында енді Надежданың мұнда өз шаңырағы бар. Ауылдастары өз күшімен үйдің тұрмысын реттеп, қажетті көмір мен отын да жеткізді. 

Біздің, менің балаларымның қасында жүрген барлық жандарға зор алғыс айтамын. Үлкен Нарын ауылында тұрдық. Балаларым жалаң аяқ жүгіріп, асыр салып ойнайтын жылы, үлкен үйіміз болса деп армандайтын едік. Бастысы, балаларым бақытты. Көршілерім, балғындықтар сондай мейірімді жандар, келіп көмектесіп жатыр. Бұдан былай біз үшін, балаларым үшін бақытты кезеңдер басталды деп ойлаймын. Жаңа үй жаңа өмірдің бастауы деп бекер айтпайды ғой. Баршаңызға көп рахмет! – дейді қуанышы қойнына сыймаған Надежда.

Айта кету керек, ауданда мемлекеттік және қайырымдылыққа бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында жұмыс қарқынды жүруде. Аудандық филиал төрағасы, әкім Ахметқали Нұрғожин игі бастамада, әсіресе, кәсіпкерлер, шаруа қожалық басшылары жоғары белсенділік танытатынын ерекше атап өтті. Солардың бірі - бұған дейін де жомарттығымен дараланған Жанболат Қазанов. «Терезе» ЖШС директоры туған ауылы Балғынға көпбалалы және аз қамтылған жанұяларды көшіру үшін өз қаражатына 5 үйді сатып алды. Оның біріне аудан орталығынан көшіп келген Надежда Константинова қоныс тепті.  

– Бұл жанұяда бес бала тәрбиеленіп жатыр. Қазіргі таңда халықтың ауылды жерлерден қалаға көшіп, кетіп жатқаны жасырын емес. Бұл біз үшін өзекті мәселе. Сондықтан жергілікті білім шаңырақтарындағы оқушылар санын сақтау үшін, ауылға азаматтарды тарту мақсатында меценаттармен бірге көпбалалы, аз қамтылған жанұяларға осындай көмек көрсетуді жөн көрдік. Екі жаққа да тиімді шешім деп ойлаймын. Келісімшартқа сай, осы үйде бес жыл тұрғаннан кейін Надежда баспананы өз атына тегін аударып алады, – дейді Катон-Қарағай ауданы әкімі Ахметқали Нұрғожин. 

Аудан әкімі өз атынан отбасына тоңазытқыш тарту етті. Ал «Nur Otan» партиясының жергілікті филиал қызметкерлері азық-түлік, жатар орын жабдықтары, сонымен қатар тұрмысқа қажетті заттармен көмек көрсетті. 

«Nur Otan» партиясы ШҚОФ баспасөз қызметі

Похожее