ШҚО-да Құрбан айтта 500 жанұяға қайырымдылық көмек көрсетіледі

23.08.2017

Биылғы жылы Құрбан айт мерекесінде 500-ге жуық отбасыға қайырымдылық көмек көрсету жоспарланып отыр. Сондай-ақ, қасиетті мерекеде облыста жүлде қоры 1 000 000 теңге құрайтын бәйге жарысы өтпек, деп хабарлайды 16news.kz  

Бұл жайлы Шығыс Қазақстан Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек қажы Қасболатұлы мәлімдеп, қасиетті мерекеге дайындық барысы жайлы айтып, жоспарлармен бөлісті.

 – Құрбан айт мерекесінде үш күн бойы құрбандыққа шалынған малдың еті жиналып, үшінші күні 500-ге жуық жағдайы төмен отбасыға таратып беруді көздеп отырмыз. Ағымдағы жылы алғаш рет осы мерекеге орай қалалық ипподромда жүлде құны 1 млн теңге құрайтын бәйгеден жарыс өткізіледі. Тек бәйге емес, тазы жарысы, қыз қуу, аударыспақ сынды жарыстар да өтеді, – деді Ермек қажы Қасболатұлы.

Құрбандық шаламын деушілерге қала шетіндегі Шығыс ауылының маңынан арнайы орын бөлінеді. Ол жерге қоқыс төгетін урналар қойылып, таза су жеткізіліп, барлық қажетті жағдайлар жасалмақ.

Похожее