Қарттарға құрмет

17.11.2018

Шығыс Қазақстанның Катон-Қарағай ауданында мәслихат депутаттары, сонымен қатар, Саяси кеңес мүшелері партияның «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасы аясында бірқатар ардагерлер мен жалғызбасты зейнеткерлерге барып қайтты.

Ұлы Отан соғысының ардагері Малғаждар Байғазин бүгінде тоқсанның үшеуін жасады. Қырық үштің көктемінде ол 18 жасқа қараған шағында зеңбірекші оқуын бітіріп, Батыс майданға аттанады. Фашистер жаулаған Еуропаның тең жартысын, атап айтқанда Брест, Гданьск, Варшава, Нейман, Одер қалаларын аза етуге қатысты. Тау мен нуды, қираған қалаларды, мыңдаған шақырымды артқа тастап, Берлинді басып, фашизмнің көзін құртты. Ақсақалдың айтуынша, Жеңістің құны төрткүл тарапқа қымбатқа түсті. Талай жанның тағдыры талқандалып, миллиондаған әке мен бала Отанына оралмады. Катон ауылының тұрғындары арасында Байғазиндер әулеті жоғары құрметке ие. Соғыстан кейінгі жылдары Малғаждар ата ауыл шаруашылығы саласында қызмет етті. Ал оның әкесі Байғазы ақсақал Топқайың ауылындағы тұңғыш тракторшы болған.    

- Бізді ұмыт қалдырмайсыздар, сол үшін алғыс білдіремін. Егде тартқан шақта сыйлықтың емес, көңіл мен ілтипаттың бағасы қымбат қой. Мен бақытты адаммын. Екінші дүниежүзілік соғысты өтіп, үйіме аман-есен оралдым. Халық игілігі үшін еңбек еттім, 5 баланы тәрбиелеп, өсірдім. Анасы мен баласын көре алмаған жандар қанша?! Майдан даласында елін қорғап, қаза тапқан белгісіз жауынгерлер қатары қанша... Осы күнде, әсіресе, жастарға айтарым, бірлік пен бейбітшілік салтанат құрған қазіргі сәтті бағалау керек. Үлкенге құрмет танытып, ел егемендігін көздің қарашығындай сақтау қажет, - деді із жалғаған ұрпаққа бағдар берген Малғаждар Байғазин.

Ауданның Саяси кеңес мүшесі Жамболат Тыныбеков бастауыш партия ұйымы атынан Малғаждар ата мен жұбайы Бибәтимә апаға сыйлығын тарту етті.  

Бұл күні тағы бір нұротандық Дүйсен Бралинов тыл және еңбек ардагері Қажымхан Жамбыловқа шапан жауып қайтты. Мәслихат депутаты Жамбыл ауылының белгілі ұстазымен Елбасының жаңа Жолдауын талқылады. Ақсақал маңызды құжатта ойып тұрып жазылған педагогтар мәртебесі туралы бастамаға ерекше риза болғанын жасырмады.   

- Мұғалімәр адамның қолына болашақтың кілтін табыс ететін жан. Сондықтан ол қоғамда жоғары құрметке ие болуы тиіс. Парламентте қабылдайтын жаңа замнамада оларға әлеуметтік қолдау жағы да қарастырылады деп сенемін, - дейді Қажымхан ақсақал.

Айта кетейік, қазіргі таңда аймақтық филиал соғыс ардагерлерін, жалғызбасты және көмекке мұхтаж зейнеткерлерді есепке алып, қамқорлық танытуда.  

Похожее