Спортқа назар

15.01.2019

Өскемен қаласының химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі дәстүрлі өтетін VIIІ ата –аналар спартакиадасын бастады.

         Спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімі 12 қаңтар күні шеруден басталды. Ырғақты спорт әуенімен «Үшқоңыр», «Хан тәңірі», «Алатау», «Баянауыл», «Алтай» сынды шаңырақ атауларымен бастау алып 15 шаңырақ атауы аталып шақырылды. Шеру барысында өткен спартакиада жеңімпаздарының жетістіктері аталды.

         Мектеп директоры Ерниязова Жупат Ораловна қатысушы ата – аналарға жоғарғы көңіл күймен сәттілік тіледі. 7- сынып ұлдарынан құралған вокалды топ  «Қазақстан» әнін тарту етті. Содан кейін қатысушылардың барлығы «Бірлігіміз жарасқан SPORT-FEST!» флешмобын биледі.

          Спорттық сайыстардың жоғары деңгейде өтуіне бұл жаттығудың маңызы зор болды. Ата - аналар ерекше әдіс пен қайратты қажет ететін қол күресінде күш сынасты. Үстел теннисіне де көп көрермендер куә болды. Сонымен қатар шахмат сынды интеллектуалды спорт  түріне қызығушылық танытқан қатысушылар мен қазақтың ұлттық ойыны тоғыз құмалақтың шеберлері өз бақтарын сынады.

Ойындардың ішіндегі ең қызықтысы «Ләңгі» ойыны болды. Бұл ойынға 9 «E» сыныбының ата – анасы Ерболат Букеев өз қолымен қорғасын түймеше мен ешкі терісінен үш ләңгі жасап, ойынның өз дәрежесінде өтуіне үлес қосты.

– Бұл ойын, мен үшін бала кезден ойнап келе жатқан қызықты ойындардың бірі. Адам ағзасы үшін өте пайдалы ойын, сондықтан біз бұл ойын түрін дамытып, жас ұрпаққа насихаттауымыз қажет  деп ойлаймын, – дейді Ерболат Кабдрашитұлы.

Спартакиаданың ең ұзақ ойыны волейбол. Жеңіске жеткен командалар  26 қаңтарда қайта кездеседі. Сол кезде ата – аналар арасындағы мектепішілік спартакиаданың қорытындысы анықталып, жеңімпаз командалар марапатталады.

Спорттың басқа түрлерінен жеңімпаздардың аты белгілі болды. Үстел теннисінен 1 орынды  «Хан Тәңірі» шаңырағынан Руслан Мутанов және «Марқакөл» шаңырағынан Шынар Бергалиева, Шахматтан «Түркістан» шаңырағынан Нуржан Көксегенов және «Мұзтау» шаңырағынан Махаббат Мусабекова,  «Ләңгі» сайысы бойынша «Түркістан» шаңырағынан Болатбек Бегешов, қол күресінен «Алтай» шаңырағынан Медет Аипов және «Хан Тәңірі» шаңырағынан Бекзат Сауранбаева, Тоғызқұмалақтан ерекше көзге түскен  «Алтай» шаңырағынан Данияр Ахметов пен Куралай Нурсалимова болды.  

Похожее