«ADAL KÓMEK» - тегін құқықтық көмек көрсетеді

12.05.2020

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жарияланғаны баршамызға белгілі. “Волонтерлік нақты істермен көрінетін патриотизмнің жоғары деңгейін білдіреді. Отанға деген махаббат үлкен ұрандар мен бос декларациялар емес, бұл – күнделікті еңбек, соның ішінде халықтың игілігі үшін шынайы атқарылатын қайырымды істер. Бұл – адамның болмысы, бұл – терең білім, жоғары мінез-құлық мәдениеті” – деп, Президент “Birgemiz” атты республикалық Еріктілер фронт-кеңсесінің ашылу рәсімінде атап өтті.

Тәжірибе көрсеткендей, азаматтардың көпшілігі өздерінің құқықтары бұзылған кезде кіммен байланысатындығын, оның сұрақтарын қарау қай мемлекеттік органның құзыретіне кіретінін және шағым беру тәртібін білмейді. Алайда, өтініштің нәтижелі қаралуы оның дұрыс даярланғанына және тиісті органға жолдануына байланысты.

Сондай-ақ, азаматтардың құқықтық сауаттылықтарының төмен болуы, өз құқықтарын жетік білмеуі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудырып, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарына жол беріп жатады.

Осыған орай, мемлекеттік қызметшілер, азаматтық қоғам мен жастар арасында еріктілікті дамыту үшін, азаматтарға тегін құқықтық көмек көрсету, сол арқылы алаңдатқан мәселелерін шешу жолдарын қарастыру және заң аясында бағыт-бағдар беру мақсатында ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен «ADAL KÓMEK» жобасы жүзеге асырылуда.

Бүгінгі күні ШҚО-ның тұрғындарына кеңес беруді бірқатар білікті мамандар, соның ішінде азаматтық және қылмыстық құқық саласындағы заңгерлер мен адвокаттар және нотариустар жүргізуде. ШҚО қала және аудан әкімдіктерінің, басқармаларының заңгерлері де осы акцияға белсенді қатысуда.

«Адал көмек» науқанында мамандар кеңесіне жүгінген жұртшылықтың басым көпшілігі әлеуметтік, жер, салық, тұрғын-үй, жеңілдікпен несие алу сынды мәселелермен келіп, мамандардан толымды заңдық кеңес алды.

16 наурыздан елімізде төтенше жағдай режимі енгізілуіне байланысты «ADAL KÓMEK» жобасы аясындағы кеңес берулер онлайн режимде жүргізілуде. Апта сайын ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің «Антикор орталығында» облыстық заң консультанттар палатасының заңгерлерімен бірлесе тікелей эфирде тұрғындар жиі сауалдар қойатын заңдардың нормалалары түсіндірілуде.

Атап айтсақ, заңгер Максим Кузнецов Жер кодексінің нормаларын: жер телімдерін алу, рәсімдеу және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану мәселелерін түсіндірсе, адвокат Юлия Федченко ҚР Еңбек кодексіне қатысты: еңбек шарттарын жасасу және бұзу, жеке және ұжымдық еңбек даулары пайда болған кезде келісу комиссиясының жұмысы, еңбек жағдайларының өзгеруі, еңбекақы төлеу, қызметкердің келісімісіз еңбекақысынан ұстап қалу, жыл сайынғы еңбек демалысын бөліп беру туралы түсініктеме берді.

Сондай-ақ, БАҚ-тардағы, әлеуметтік желілердегі ақпараттарға сәйкес, елімізде орын алған жағдайға байланысты, яғни карантин режимі басталғаннан бері, үйдегі зорлық-зомбылық оқиғаларының саны артқандығы байқалады. Осыған байланысты белгілі адвокат Айман Умарова және ШҚО заң консультанттар палатасының төрайымы Алтынай Аринова ҚР "Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы" Заңы бойынша облыс тұрғындарына тегін құқықтық кеңес берді.

Қалалық және аудандық әкімдіктердің заңгерлері де жоба аясында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Тұрғындарға мәселелерін шешуде құқықтық кеңес берумен қатар, заңдардың нормалаларын түсіндіру бойынша видеороликтер дайындады.

Құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде тұрғындар түйткілді сұрақтарына жауап алып, толық мәліметке қанығуда.

Айта кетсек, елге елеулі көмек көрсетуге бағытталған «Адал көмек» беру науқаны алдағы уақытта да өңір жұртшылығына көрсетілетін болады.

«Жақсы адам – заманының көркі» демекші, жеке уақытымен санаспай, өз еркімен науқанға қатысып, көмек көрсетіп жүрген барлық заңгерлерге алғысымызды айтамыз.


 

ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) ШҚО бойынша Департаментінің басшысы Е.Н.Жалмағамбеттің авторлық мақаласы

Похожее