Криминалист-ару

28.01.2021

Бүгінгі таңда Өскемен қаласы Полиция басқармасында 300-ге жуық әйел адам ерлермен бірдей қызмет атқарады. Олар да Отан алдында еліміздің тыныштығын қорғауға ант бергендер. Солардың қатарында жедел-криминалистикалық бөлімінің криминалисі, полиция лейтенанты Турсунова Диляра Ералиқызы да бар.

Диляра 1999 жылы Семей қаласында дүниеге келген. 2006-2014 жыл аралығында Үржар ауданының Бетпақты ауылында орта мектептің табалдырығын аттап, 2014-2016 жылдары Үржар ауданының Б.Момышұлы атындағы орта мектебінде білім алған. Мектеп табалдырығынан бастап полицей болуды армандаған Диляра, 11 сыныпты бітірген соң, өз арманын орындау мақсатында 2016 жылы ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясына оқуға түсіп 2020 жылы оны үздік аяқтайды.

Еңбек жолын Өскемен қаласы Полиция басқармасы жедел-криминалистикалық бөлімінің криминалисі қызметінен бастады. ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясында білім алып жүрген кезінде қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, сахналарда өнер көрсетіп жүлделі орындарға ие болып жүрген. Бос уақытында спортпен айналысқанды ұнатады. 2017 жылы ҚР ІІМ бұйрығымен, Астана қаласында өткен бүкіләлемдік «EXPO-2017» көрмесінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамсыз еткен, өзге елден келген азаматтарды тексеруді жүзеге асырған.

2019 жылы ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясында курсант қыздардың арасында өткен сайысына қатысып «Miss Karaqanda Police Academy 2019» титулын жеңіп алған.

Диляра өзі таңдаған мамандығына адалдық танытып, қызметінің ауырлығына қарамастан, ерлермен қатар бір деңгейде қызмет атқарып келеді. «Жас келсе іске» демекші, еңбекқорлығының арқасында атқаратын жұмысына өте жауапты. Себебі, күнделікті орын алып жатқан қылмыстардың ізін суытпай, тез арада ашылуына криминалист маманның тигізер септігі мол.
Криминалист Диляраның айтуынша: «Қызмет болған соң, ер, әйел деп бөлінбейді. Погон таққан соң, кез-келген тапсырманы орындап, өзіне жүктелген міндеттерді адал атқаруымыз керек. Өзім таңдаған сүйікті мамандығым болған соң, қызмет етуге әрқашан дайынмын», – дейді.

Бүгінде бала күнгі полиция қызметкері болу туралы арманы орындалған Диляраға алдағы уақытта өз ісінің шебері болуына және қызметіне сәттілік пен абырой тілей отырып, еңбегінің әрқашан жемісін көруге тілектеспіз.

 

ШҚО ПД Өскемен қ. ПБ баспасөз қызметі

Похожее