Шығысқазақстандықтар Ольга Рыпакованы қарсы алды

12.09.2018

Бүгін Өскеменде еліміздегі жеңіл атлетиканың жарық жұлдызы, Олимпиада ойындарының чемпионы Ольга Рыпакованы қарсы алды.

Спортшыны ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов құттықтап, оған гүл шоқтарын табыс етті.

 – Азия ойындарында осымен төртінші мәрте бақ сынадым. Жеңіп алған жүлдемнің ел қоржынының толығуына себепкер болғанына қуаныштымын. Алға қойған мақсатым да осы еді, ендеше мақсатыма жете алдым. Конституция күнінде жарыс жолына шығып, Мейрам күніне орай жақсы сыйлық тарту еттім деп ойлаймын. Аймақ басшысы Даниал Ахметовке жеңіл атлетиканың дамуына үлкен қолдау көрсетіп келе жатқанына алғыс білдіремін, – деді Ольга Рыпакова.

Алдағы күндері үш қарғып секіру шебері жақындарының жанында болып, сәл тынығып алмақ. Артынша қалыпқа келтіру жиындарына жол тартады.

Естеріңізге сала кетейік, «Altay athletics» кәсіби жеңіл атлетика клубының капитаны Ольга Рыпакова Азия ойындарында алтын медаль олжалап, Құрлықтық бәсекеде күміс жүлде иеленген болатын. Бір қызығы, шығысқазақстандық спортшы екі сайыста да 14,26 м нәтижесін көрсеткен еді. Осымен сегізінші жыл қатарынан жерлесіміз әлемдік, халықаралық деңгейдегі додаларда жүдегерлер қатарынан табылып келеді. Үш қарғып секіру бойынша мұндай тұрақты жетістіктерге жеткен спортшы әлемде некен-саяқ.

Похожее