Тұрғындар полицейлерге көрсеткен көмегі үшін алғыс білдіруде

27.12.2018

Өскемен қалалық Полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Д.Ибраев ауа райының аязды болуына байланысты қолайсыз жағдайға тап болған тұрғындарға полицейлердің көмек көрсетуі жөнінде нұсқау берді.

Дәлірек айтсақ, аялдамаларда автобус күтіп жаураған жолаушыларға аялдамаға тоқтап, қол ұшын ұсынған жүргізушілерге айыппұл салмау, суыққа байланысты көлігі ақауланған көлік иелеріне түсіністікпен қарау секілді қала халқына қолайлы нұсқау. Полиция қызметкерлері қала көшелерін патрульдеу барысында аккумуляторы отырған моторды патрульдік көлікке қосу арқылы немесе тіркеуге алып іске қосуға қолғабыс етті. Полицейлер көлік құралдарына техникалық көмек қажет болған азаматтарға да жәрдемдесті. Оқиға орнында көмек көрсете алмаса, қажет болған жағдайда автокөлікті жақын арада орналасқан техникалық қызмет көрсету станциясына жеткізуге қол ұшын берді. Оған қоса, полиция қызметкерлері кешкі аязда қалған азаматтарды үйлеріне аман-есен жетулеріне мүмкіншіліктер жасауда.

«А» есімді азамат қала іргесіндегі Арматурный шағын ауданынан шығып, Жаңа Согра кентіне бармақ болып автобус аялдамасына келеді. Күнделікті ағылып жатқан қоғамдық көліктің қарасы көрінбеген соң, аялдамада күтуге тура келеді. Шығыстың бет шымылдатқан аязы тоңдырып бара жатқан соң бет алған бағытына жаяу тартады. Жолдың бойында жаяу кетіп бара жатқан жолаушыны байқап қалған патрульдік полиция жасағы тоқтай қалып, жөнін сұрағаннан кейін айтқан мекенжайына жеткізіп салады. Мұндайды күтпеген азамат тәртіп сақшыларына риза болып, алғысын жаудырып қала берді. Бұл бір ғана оқиға. Шығыс Қазақстан облысы аумағында сақталып тұрған аязды ауа райында қайырымдылықты қажет ететін жандар қаншама. Өскемен қаласы Полиция басқармасының жеке құрамы күн райына байланысты қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсетуге бағдарланған.

Похожее