«Тыныштықтағы әуен»

04.10.2018

Өскемендегі Шығыс Қазақстан өнер музейінде суретші Марат Смаиловтың «Тыныштықтағы әуен» атты жеке көрмесі ашылды. Көрменің бұлай аталуы тегін емес.

Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы Самар ауданы Көкжыра ауылының тумасы Марат Смаилов бұл дүниеге есту қабілетінсіз келген. Үнсіздік әлемінде өмір сүрсе де Табиғат және Тәңірім оған  суретшінің дарынын, құрастыра білу сезімін, ырғақты ойлау қабілетін берген. Кейіннен ол сөйлеуді үйренді. Алдымен Зырян қаласындағы арнайы интернатта, кейін Ленинградтың арнайы көркемдік политехникумында. Дарынды суретші Смаиловтың туындылары Астана, Алматы, Өскемен, Зырян қалаларының көрмелерінде қойылды.

Көрменің ашылуына облыстық мәслихаттың, «НұрОтан» партиясының өкілдері, суретшілер, журналистер, көркем сурет өнерін бағалаушы қауым қатысты. Суретші журналистермен сурдоаудармашы арқылы сұхбаттасып, өзінің творчестволық жоспарларымен бөлісті.

Есту қабілетінің жоқтығы суретшінің теңдессіз туындылар жасауына үлкен кедергі келтірмейтін сыңайлы. – Көбінесе кешқұрым сурет салғанды ұнатамын, дейді Марат. – Бұл мезгілде ешкім кедергі жасамайды, тыныштық менің кескіндерімнің туындауына көмекші іспетті. Поэзия, кітаптар оқып, осылардың мазмұндарынан менің туындыларымның сюжеттері пайда болады. Кейбір суреттер бір күннің ішінде салынып бітсе, қайсыбіреулеріне бірнеше жылдар еңбек етемін. Мысалы бір туындымды 8 жыл бойы жаздым.

2017 жылдың ақпанында дарынды суретшінің шығармашылығына демеушілік жасалып, мұражай мамандары қайырымдылық кешін өткізген-ді. Іс-шара аясында аукцион өткізіліп, оның туындылары сатылды. Сыйлық ретінде мұражайдан және игілікті өнер  бағалаушылардан суретші, ең алдымен, қажетті көркемдік материалдар тарту етілді. Графикалық  парақтарды багетпен және шынымен безендіру үшін қолдаушылар табылды.  

«Тыныштықтағы әуен» атты М. Смаиловтың жеке көрмесі суретшінің 50 жылдық мерейтойының қарсаңында ашылып отыр. Көрмеде оның 15 жылдық творчествосының ретроспективасы  көрсетіліп отыр. Өнер музейінің Кіші залында суретшінің музей қорындағы және жаңа туындылары – барлығы 41 кескідеме және графика ұсынылуда.

Суретшінің творчествосында абстракция мен реалистік өнер бір-бірімен шектесіп жатады. Авангардистік бағыт басым болса да оның туындыларында қазақ халқының ұлттық дәстүрлі мәдениеті сақталған.

Мұражайға келушілер және коллекционерлер оның стильдік графикасы бар, үйдің ішкі көрінісін жайнататын дара жұмыстарын жоғары деңгейде бағалайды деп сенеміз. Іс-шара  аясында баспасөз-конференцияның  өтуі жоспарлануда.

 

Похожее