Қала басшысы әр шағын ауданның тұрғындарымен кездесулер өткізуді бастады

05.10.2018

Жақсылық Омар қала шетіндегі Шығыс ауылының тұрғындарымен жүздесті. Шаһар басшысы мұндай кездесулердің барысында шешуін күткен түйткілді мәселелерді анықтап, күн тәртібіне қоятындығын жеткізді.

«Халықтың көкейінде жүрген мәселелерін тыңдайық, шешімін бірігіп іздейік деген мақсатым бар.Оның үстіне, қыстың ауылы да алыс емес, дайындықтарыңыз жайлы білсем. Бүгін көтерілген мәселелер күн тәртібіне қойылып, шешімін алдағы уақытта табатын болады», — деді Жақсылық Омар.

Шығыс ауылы бүгінде 4 мыңнан астам тұрғыны бар тұрмысы түзелген мекен. 600-ден астам үйдің түтіні түтеп отыр. 
«Тұрғындар үйлерін отын-көмірмен жылытады. Жаппай пеш салып алғалы электр қуатына қарызымыз жоқ. Әлеуметтік әлжуаз 197 отбасына тиісті көмірдің жалпы көлемі 985 тонна. Оның 325-і жеткізілді. Айдың аяғына дейін толығымен қамтамасыз етеміз», — деп атап өтті ауылдық округтің әкімі Ерсейіт Қабдуалиұлы. 
Жергілікті тұрғындар тарапынан бірқатар өтініштер айтылды. Мәселен, зиратқа арналған жер учаскесі бар болғанымен, оны пайдалана алмай отырғандықтары. Бар гәп, жер телімінің тегістелмей, әрі қоршалмай жатқандығында. Жақсылық Омар «Өскемен-Тәртіп» мекемесіне мәселені жеті күн ішінде шешу жөнінде тапсырма берді. 
Сондай-ақ, Шығыс және Новоявленка ауылдарының тұрғындары ұры-қаралардан жиі зардап шегетіндіктерін айтып, шағымданды. Бұл орайда, қала әкімі алдағы уақытта жеке учаскелік полиция бекетін ашу керектігін нықтады. Халық өтініштерінің ішінде: көшелерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу, балаларға арналған ойын алаңдарының құрылысы, жұмыспен қамту сияқты мәселелер екшеленіп, қала басшысы жауапты мамандарға нақты тапсырмаларды жүктеді.

Похожее