Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9 «В» сынып оқушысы Мағжан Сағынғанов республикалық ғылыми жобалар байқауында бірінші орынды иеленді!

19.02.2019

«Ат айдаушы: тау-кен өнеркәсібінің ұмытылған ежелгі мамандығы» жұмысы 19- ғасырдың аяғынан бастап 20-ғасырдың 50- жылдарына дейінгі танымал мамандықтың маңыздылығын және аймақтың даму тарихын ашып көрсетеді.

Мағжан сондай-ақ, кен байлығы толтырылған шағын вагон түріндегі арбамен түсірілген ат айдаушының мүсіндік композициясының нобайын ұсынады. Оның айтуынша, мүсіннің нақты орындалуы, мысалы, Риддер мен Алтай қалаларында туған өлкенің тарихын зерттеуге қызығушылықты арттыруға көмектеседі және туристердің аймаққа назарын аударатын болады.

Зерттеу жобасының жетекшілері тарих пәнінің мұғалімі Маулия Сейілханқызы Дәулетханова және сурет пәні мұғалімі Құдаш Дәулетқанұлы Нұрсадықов болып табылады.

Республикалық ғылыми жобалар байқауын Қазақстан Республикасы БжҒМ мен «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырып, 2019 жылдың 13-16 ақпаны күндері Алматы қаласында өткізді. Оның нәтижесі бойынша Мағжан Сағынғанов алтын медаль және І дәрежелі дипломмен марапатталды.

Мектеп қауымы үшін бұл жеңіс - зор мақтаныш. Қол жеткізген марапаты 18 - ақпан күні мектептің оқушылары мен мұғалімдерінің алдында салтанатты түрде табыс етілді.

                           

Похожее