Үкімет басшысы Сағынтаев көз микрохирургиясы клиникасында болып қайтты

16.03.2017

Бүгін Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев іс-сапармен Шығыс Қазақстанда жүр, деп хабарлайды 16news.kz сайты

Бірқатар алып кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы кешендерін аралап шыққан Премьер-министр Өскемендегі көз микрохирургиясы орталығының жұмысымен танысты.

«Бір кездері бұл орталық шағын ғана клиника болды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 300 млн теңге көлемінде «Даму» қорынан қаражат алдық. Орталықты заманауи құралдармен жабдықтадық. Енді көз ауруларын емдеуде ақылы ғана емес, мемлекеттік тапсырыс аясында халыққа тегін, әрі сапалы қызмет көрсетіп отырмыз», — дейді орталықтың бас дәрігері Зарина Қамасова.

Офтальмологиялық орталыққа облыстық статус беріліп, тек ағымдағы жылы тегін медициналық көмекпен 300-ден астам адам қамтылады деп күтілуде. Клиникада көз ауруларын диагностикалау және емдеу үшін озық технологиялар енгізілген. Замануи құралдардың пайдасын мұнда жұмыс істейтін білікті мамандар еселетіп отыр.

«Жұрт игілігіне жұмыс істеңіздер»,— деді медициналық мекемені аралап шыққан соң Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев.

Сонымен қатар, Б. Сағынтаевқа денсаулық сақтау саласы мамандарын үшдеңгейлі оқытудың кешенді жоспары таныстырылды. Жергілікті шенеуніктер жоспарды алдағы үш жылда жүзеге асырып, 1,2 млрд теңге жұмсаймыз деді.

Фото:16news.kz

Похожее