Қазақ дүниетанымындағы ислами құндылықтардың санаттары

03.11.2020

Ислам құндылықтары қоғамдағы әлеуметтік реттеудің басты тетігі болуымен ерекшеленеді. Роттердамдағы Ислам университетінің ректоры, профессор, Ахмет Аккұндыз ислам дінінен тарайтын құндылықтарды бес категориядан құрайды. Олар: «өмір, ақыл, тектілік, дүние-мүлік және дін». Зерттеушінің пайымдауына назар аударатын болсақ, ол адам бойындағы құндылықтар санатының барлығын беске бөліп қарастырған. Сондай-ақ, біздің дінді түрлі құндылықтардан құралады деп көрсеткен. Оны үшке бөлген:

І. Адам баласының өте үлкен қажеттілігінен пайда болатын құндылықтардың қатары.

ІІ. Қоршаған орта үшін мән-мағынасы өте үлкен құндылықтардың жиыны.

ІІІ. Адамзат өмірінің кемелденуіне, оның дамуына үлес қосушы құндылықтар деп бөліп қарастырған [46, 2 б.].

«Хадис – ғұрпымыз, сүннет – салтымыз» атты кітабында, автор Ш.Әділбаева «Пайғамбарымыздың әрбір тұлғаның ислами болмысқа ие болуы үшін жол көрсетуші, мұғалім, тәрбиеші ретінде қандай тәсілдерді қолданғанын, осының нәтижесінде қандай қоғам қалыптасқанын білу үшін Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жылы жүзімен шуаққа бөленген шаттық дәуірін басқаша айтсақ, ең бірінші кезеңді көз алдымызға келтіруге болады. Барша адамзаттың тәлімі жолында Пайғамбарымыз ең бірінші адам бойындағы жақсы емес қылықтардың дұрыс емес ықпалын ұғындырып, ондай әдеттерден аулақ жүру керек деп айтып өтті. Адамдардың рухани құндылықтарына Хазіреті Пайғамбардың теңдессіз мінез-құлқы жатқызылып, оған сабыр, туралық, кішіпейілділік, баршаны бауырына басқан мейірімділік, құлшылығы мен тақуалығын, Пайғамбарымыздың отағасылық сипатын, Пайғамбардың басшылық қасиетін, ықыласты келтірген болатын. Егер де қандай да бір адам өз жақынының кемшіл тұсын жасыратын болса, онда Жаратушы иеміз сол адамның кемшіліктерін аян етпейді делінген. Осы сияқты адам бойындағы мәрттік қасиет те жоғары бағаланады. Ол туралы хадистердің бірінде былай айтылған: «Мұсылман жанды жақсылыққа жетелейтін кереметтің бір түрі – адамның жомарттығы». Сонымен қатар Қасиетті Құранның бір сүресінде: «Мал-мүліктерін күндіз-түні, жасырын немесе жасырмай жақсылық мақсатында жұмсағандар болады, ол адамдардың орны Жаратушының жанында және бұл жандар үшін қорқыныш пен үрей де, қайғыру мен мұңайу деген болмайды» делінген екен. Пайғамбарымыз (с.а.у.) адамдардың сыйластығын арттыра түсетін жомарттық жайында: «Жомарттық – жәннаттағы ағаштардан бір ағаш, бұтақтары осы дүниеге қарай салбырап тұрады. Кім оның бір бұтағын ұстаса, ол бұтақ оны жәннатқа алып барады», – деген. Аллаh расулы (с.а.у.) жомарттық пен сараңдықты хадисінде: «Жомарт адам Аллаға жақын, адамдарға жақын, жаннатқа жақын, жәһаннамнан алыс. Ол – шайтанға тән

сипат. Сол үшін Құран Кәрім өркөкіректікке тыйым салып: «Исра сүресінің 37-аятында Жер бетінде көкіректеніп жүрме», «Ақыреттегі ол жерді жер жүзінде өздерін жоғары санамайтын және бүлік жасауды көздемейтіндерге лайық еттік. Шашын тараған, өз-өзіне көңілі толып, жұртқа өзін көрсеткісі келген әлгі адамды Жаратушы жердің түбіне түсіріп жіберді. Қиямет күніне дейін жердің астында тыпырлаған күйінде қалды» [47, 32-35 бб.], – деген. Жоғарыда келтірілген хадистерден қарапайымдылықты, кішіпейілділік пен қайырымдылықтың адамды көркемдейтін асыл қасиеттер жастарды тәрбиелеудегі өрелі һәм ізгі құндылықтар екендгініне күмән келтірудің қажеті жоқ.

Махмұд Хамди Зақзұқ «Ұмытылған құндылықтар» кітабында ислам құндылықтары ретінде өнегелі жауапкершілік, мейірмандылық, адамгершілік, қарапайымдылық, ар-ұят, қайырымдылық, ғылым-білім, ақыл-ой, іс-әрекет, ерік-бостандық, әділеттілік, қауіпсіздік, аманат, адалдық, жүйелілік, уақыт, ата-анаға құрмет, жәрдем беру, тазалық, достық, шүкіршілік, отансүйгіштік, дін, болмыс заңдылықтарына деген таным, жайдарылық, үміт, демалыс, мерекелеу құндылықтарын алға тартады [48, 225 б.]. Біз жоғарыда атап өткен әрбір құндылықтың қасиетке толы Құранда өз сүрелері мен хадистері бар. Мұнда негізгі ойды да жақсы қорытындылаған. Мәселен, әке-шеше және баланың қарым-қатынасына қатысты Жаратушы иеміз мынадай пікір келтірген болатын: «Құдіретті күш сендерге құлшылық етіп, ата-ана үшін бар жақсылық атаулыны аямауын талап қылды». Демек, Құрмет көрсету өзінің жан-жақтылығымен ерекшеленеді. Ол адамдардың өзара араласуында, жақсы қарым-қатынас орнатуында туындап отырады.

Макс Вебердің пайымдауы бойынша құндылық дегеніміз – өз өміріміздегі тұрақты назарда тұратын күнделікті бағыт-бағдар. Кант категориясы бойынша «кеңістік» пен «уақыт» ұғымдары секілді Вебер құндылық адам-ның «хаосты» (игерілмеген кеңістік пен ұйымдастырылмаған уақытты) «ғарышқа» (өзара байланысқан әрі ұйымдастырылған кеңістік пен уақытқа) айналдыруы десе [49, 325 б], Б.В. Вышеславцев, құндылықты біржақты түсінетін императив емес, ол тек қана маңыздыдан нақтылыққа өтетін статус деп көрсеткен болатын [50].

Біздің түсінігімізде кез келген қоғамдағы жалпы құндылық атауының туындауына генератор болатын алтын діңгек – сол ортада берік бекіген іргелі құндылық болып табылады. Іргелі құндылықтар дүниеге келген өркениет аясындағы тұрмыстық-мәдени нормаларды және өздерінің рухани шеңберінде құрылымдық элементтерін нақтылай түседі. Сонымен қатар, іргелі құндылықтар туындаушы өркениеттер тоғысында жаңа сипаттағы құндылықтарға негіз болатын және алдыңғы өткен құндылықтарды ассимиляцияға ұшыратып, жоятын күшке ие механизм болып табылады. Ал іргелі құндылықтардың туындау тоғысында оларды өзінің дүниетанымдық көзқарастарымен қабылдап, өз өміріне сіңіретін жеке тұлғаның рөлі жоғары екенін байқауға болады. Осы негізде Исламдағы іргелі құндылық «Әшһаду ән лә иләһә иллАллауа әшһәду әннә Мухаммәдән расулуллаһ» яғни, «Алладан басқа ешбір тәңір жоқ екеніне және Мұхаммед Алланың елшісі

екеніне куәлік беру» болып табылады. Бұл жерде Бір Аллаға сену, бір Алланы мойындау– бірінші іргелі құндылық болса, осы құндылықты халыққа жеткізуде аянбай еңбек еткен Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарды оның елшісі деп білу – екінші іргелі құндылық болып тұр.

Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыздың миссиясын философиялық тұрғыдан әлем мен өмірдің қайнар бұлағын анықтау, өмірдің болуының басты себебін адамзатқа түсіндіру, оның түпкілікті маңызының шынайылығы Алла тағала арқылы өмірді түсіну және әлемді пайымдау, танып білген шындықты Құдай арқылы үйлесімдеу, тылсым әлемді Аллаға деген сенім арқылы түсінікті жүйеге келтіру деп қорытындылауға болады.

Исламдағы үшінші іргелі құндылықтар туралы Е.А.Резван: «Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыз рухани әрі зайырлы көшбасшы ретінде өз қызметін умма құруға бағыттаған. Умма дегеніміз – бір мағынада тоғыспайтын күрделі ұғым. Мекке сүрелерінде ол діни сенімді насихаттаған рухани ұстазға жина-латын адамдар қауымдастығы» – деген болатын. Осы тұрғыда іргелі құндылықтар иерархиясы тағы бір категорияға толыққандығына мән беру керек. Біріншісі – Бір Аллаға сену, екіншісі – Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарды оның елшісі деп білу, үшіншісі – уммату-л-лах (Алланын уммасы). Алланың қалауы оның елшісі арқылы оның қауымында жүзеге асып отырады. Осы іргелі құндылықтар бүкіл ислам тарихында иерархиялық жүйеде ұстанымдарын өзгертіп, мазмұны жағынан өзгеріске ұшырағандарымен исламның негізін қалады [51, 241 б].

Ал «Иманнан Ихсанға Тасаввуф» атты зерттеу авторы Осман Нұри Топбаш: «Тасаввуф – Исламның санасы. Оның жүректегі өмірі. Оның асылы мен руханияты. Исламның ішкі сырындағы асылдығы мен руханият қабілетті адамдарда көрініс тауып, мүмин көңілдердегі руханият пен фәйз (рухани нәр, рухани күш), махаббат пен шаттық ерекшеліктерін өз шыңына жеткізеді» [52, 436 б.] – деген. Кітапта Исламның ғибратты құндылықтарынан адамның рухани деңгейінің жемісін анық әрі ғылыми жатық тілде көрсетеді. Парасаттылық туралы, автор, «Парасаттылық – Алла тағаланың сүйген құлдарына берген нұры. Яғни, ақылдылық, жоғары дәрежедегі зеректік, сезімталдық, білу және түсіну сияқты халдердің рухани түсінік қабілеті түрінде жүректе көрінуі» [52, 7 б.], – дейді.

М.Ф. Рифаъидің «Ислам мәдениеті» кітабында: «Ислам принциптері – үздіксіз дамуға итеруші әрекет, сонымен бірге ол еңбекті қадірлейді, әдептілікті құрметтейді, жұмыссыздық пен болымсыздықтан тыяды. Өйткені бұл жағымсыз сипаттар адамның дүниеге келудегі асыл мақсатына нұқсан келтіреді. Мұсылманның басқа адамдардан ерекшелігі оның білім алуы Алла тағаламен болған байланысына барып тіреледі. Өзінің көкірегіндегі құпияларды Алла тағала өте жақсы білетінін еш уақытта есінен шығармайды. Өлімнен кейін жауапқа тартылу үшін қайта тірілетініне кәміл сенеді. Міне, бұл – әдеп. «Әл-Исра» сүресінде: «Расында, бұл Құран жолдың ең турасына алып барады» деген болатын [53, 40 б.].

Ал, Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының бұрыңғы төрағасы, Бас Мүфти Әбсаттар Қажы Дербісәлі: «Менің ойымша, ислам дінінен

ғылымды, не болмаса ғылымнан Ислам дінін бөліп тастау қате. Бұл екеуі бірігіп, қосыла келе ғаламдық өркениетке жеткен. Сондықтан ислам дінін ғылым десек те, ғылымды дін десек те болады» [54, 122-123 бб.] – деп білім мен ғылым құндылығы исламда да өрбитіндігін сенімділік пен орнықтылық ұялататын қорытынды айтады. «Әл-Алақ» сүресі, 1-аяты: «Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы!», – деп басталады. Оқы сөзі – Алла тағаладан елшісі Мұхаммедке (с.а.у.) түскен ең алғашқы уахи. «Оқы! Раббың – аса жомарт. Сондай (білімді) қаламмен үйреткен. Ол адамзатқа білмеген нәрсесін үйретті». Бұл аяттар надандықты, сауатсыздықты жоюға шақырады. Жеке тұлғаны қалыптастыру оқып үйренуден басталады. Осы аяттардан ғылымның және ғұламалардың Исламдағы орнын аңғарамыз. Құран мен хадистерде ғылымның абыройы көтеріліп, ғұламалар ардақталған. Сол себептен Пайғамбардың орнын басқан сахабалар мен олардың ізбасарлары білім үйренуге және білім беруге баса көңіл бөлген. Қасиетті Құранда түрлі сүрелер бар. Олардың барлығында өсиет болар, үлгілі нәрселер жазылған. Мысалы, «әл-Мүжәдәлә» деп аталатын сүренің 11-аятында: «Алланың сыйы шексіз. Ол ішіміздегі иман жүзділер мен білімі мол жандардың дәрежесін асқақтата түседі». Ал «әз-Зумәр» деген сүренің 9-аятында: «білушілер және білмеушілердің арасы қаншалықты тең?» десе, Фатырдың 28-аятында: «Жаратушыдан ғұлама жандар ғана жасқанады» деп айтылған. Ал Таһаның 114-аятында: «Құдіреті күшті Алла тағалам бойымдағы білімді молайтуыңды тілеймін» делінген. Мұндай аяттар тек оқу мен ғылымға негізделіп қана қоймай, адамзаттың қасиетін арттырып, жақсы әрекеттрерге итермелейді. Онда адамға пайдалы дүниелер қамтылған. Ислам дініндегі ғылым мен білімнің орны сауап пен құлшылықтан да биік болады. Себебі бұл дінде оқу ол имандылықтың басты жолдасы деп саналады. Қасиеті өте жоғары. Сондықтан ғалым кісілердің қадірі басым. Оларды ардақ тұтады. Ғылым мен білімнің маңыздылығы сонша, ол – Исламның негізіне айналды. Жалпы Ислам құндылықтарының басты тараған аймақтарына мыналар. Исламның басты құндылығына дінді жатқызамыз. Ал дінге сипаттама берсек, ол – бүкіл әлемнен ерекшеленіп пайда болған заттар мен оның кө алдымыздағы суреттеліп, адамзат дүниесіне сіңісуі. Ол – адамдардың рухани қиял елесіндегі қабыл алатын, ереже тұтатын, сыйлайтын, ардақтайтын және құлшылық ететін тылсым күштер жиынтығы болып табылатын қоғамдық сананың бір түрі. Осы тұрғыда Ислам діні имандылық арқылы өз принциптерін түсіндіреді, басқалардың онымен танысуына мүмкіндік береді. Иман – ақыл-ойдың оянуы мен рухани сенімнің, ақиқатты парасатпен танып, одан соң ақиқат жолына түсудің нәтижесі. Сонымен қатар, Аллаға иман дегеніміз – Алладан басқа шынайы түрде құлшылық етуге лайықты ешкім жоқ әрі Оның серігі, теңі жоқ екеніне толық сену. Иман негіздері: Бір Аллаға сену. Аллаға иман дегеніміз – бұл шын жүрекпен бір Алла ғана құлшылыққа лайықты екеніне толық сеніп, мойындау болып табылады. Оның періштелеріне сену. Періштелерге иман дегеніміз – олар нұрдан жаратылған, ешқашан Аллаға қарсы келмейтін, бұйырылған нәрсені бұлжытпай орындайтын Алланың жаратқан махлұқаттарының бірі екеніне сену.

Мысалы: Жәбірейіл (а.с.) уахи жеткізуші періште. Кітаптарына иман – Таурат, Забур, Інжіл және Құран. Оның түсірген кітаптарына сену. Елшілеріне иман – олардың саны көп, Құранда жиырма бес пайғамбардың аты аталады. Ақырет күніне сену. Ақырет күніне иман – ақырғы күннен кейінгі Махшар, Мизан, Сырат, т.б. оқиғаларға сену. Тағдырға, оның жақсылығы мен жамандығына сену. Тағдырдың жақсылығы мен жамандығына сену дегеніміз – Алла тағала барлық адамдардың амалдарын, ғұмырларын және өмірлерінің барлық жағдайларын өз білімімен жазып қойғанына сену. Адам баласының өлімнен кейін тағы да тіршілік болатынына сенуі. Өлімнен соң қайтадан өмір сүру деген не? Ол кез келген адам баласының о дүниеде жауап беруі үшін түрлі сынақтардан өткізіп, шынайы өмірде істеген әрекеттеріне қарай тиісті жаза тағайындау. Сол арқылы оның қайда баратыны анықталады. Құдіреті күшті иені мойындап, оған құлшылық етуші жанның өмірінде сенім ең басты орынды алады. Сенімнің игілігі өте мол. Ол адамзаттың жан-дүниесіне шынайы және ана өмірде де нұр шашады, ізгілік сыйлайды. Яғни адамның бойында ізгіліктің болуы оның қаншалықты сенім білдіре алатындығымен тексеріледі. Ислам да бір Алланы мойындап, Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарды оның елшісі деп білу – деп аталады [55, 101 б].

Исламдағы басқа да басты құндылықтарының бірі – өмір болып табылады. Исламда өмір Алланың, кез-келген тіршілік иесіне берілген сый атаулысының ең ұлы, ең бағалысы ретінде қабылданады. Өмір сыйлау және одан айыру – тек қана Құдайдың иелігінде. Мұсылман өз кезегінде өмірдің Құдайдың сыйы екенін мойындайды, мұсылман үшін бүгінгі дәуренді сүру қасиетті міндет болып саналады. Ислам дініндегі өте салмақты теріс істердің қатарына өзін өлтіру немесе жеке басына қиянаткелтіру жатады. Мұндай ауыр күнә жасағандардың ішінде тек сау емес, ес-ақылы кем жандарға ғана кешірім беріледі. Сол секілді белгілі бір дүниені меншіктеу ислам дініндегі негізгі құндылыққа жатады. Бұл дінде еңбектің рөлі мен орны аса жоғары. Жаңа ғана атап өткн меншіктеу біріншіден, адалдықты, екіншіден, тазалық пен ерен еңбекті қажет етеді. Ол адам баласына тек солардың бірігуі арқылы сіңеді. Сонымен қатар Исламда еңбекқорлықты барынша үлгі етеді. Ал оған кері әдеттер, жалқаулық пен тәуелділікті мүлдем мойындамайды. Себебі, адам өмір тіршілігінде басқаларға ауыртпалық әкелмеуі керек. Адамның жатып ішерлік әдетін тәртіпсіздікке жатқызған. Исламда сұрампаздық сөзсіз тыйым салынған. Міне, осы құндылықтары негізінде Ислам діні қазақ қоғамының, мемлекетінің, мәдениетінің идеялық, құқықтық, саяси және рухани-адамгершіліктің іргетасы болды.

Құрандағы негізгі құндылықтық тірек жан, ақыл, насаб (тектілік), дүние-мүлік болып табылатындығын естен шығармау қажет. Құранда: «...Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық жасамаған біреуді өлтірсе, сонда шын мәнінде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны өлімнен құтқарса барлық адамды құтқарғанмен бірдей деп жаздық» [19, «Мәидә» сүресі, 32-аят].

Ислам ақылды аздыратын нәрселерге тыйым салып, оны харам деді. Мысалы, арақ, есірткі, ойнастық секілді жаман істер. Ислам ақыл-ойдың дамуына жаңа кеңістіктерді ашты. Алла тағала білімнің қадірін арттырып, адамға көк пен жердің арасындағыларға ой жүгіртуді бұйырды. Әлемнің кеңдігі мен үлкендігіне, сондай-ақ, күн мен айға, аспан мен жерге, құрлықтар мен теңіздерге, атмосфераға назар салуға шақырды. Мысалы, Құранда: «...Күннің айды қуып жетуіне болмайды және түн де күндізден оза алмайды, әрқайсысы аспан кеңістігінде қалықтауда», [19, «Йа-син» сүресі, 40-аят]. «Алланың аспаннан су түсіріп (жаңбыр жаудырып), одан жердің бетінде қайнарлар ағызғанын көрмедің бе? Кейін ол арқылы алуан түрлі егін шығарады, кейін ол (егінді) әбден қураған, сынғақ қиқымдарға айнал-дырады» [19, Әз-Зумар сүресі, 21-аят]. «Жұмсақ еттен жеулерің үшін және түбінен әшекей тастарды шығарып, әсемденулерің үшін теңізді бағындырды. Оның айдынын қақ жарып, жүзіп бара жатқан кемені көресің. Сондай-ақ, Оның қазынасынан ризық іздейсіңдер. Мүмкін, шүкіршілік етерсіңдер. Сендерді шайқап теңселмеуі үшін жерге мығым тауларды орнықтырды, әрі жол табуларың үшін өзендер мен жолдар жаратты. Тағы басқа (бағыт көрсететін) белгілер жаратты, олар жұлдыздар арқылы да жол табады. Жаратушы (Алла тағала) жаратуға шамасы келмейтін (мақлұқтарға) ұқсай ма? Ойланбайсыңдар ма?!», [19, Ән-Нахыл сүресі, 17-аят]. – делінген. Осылайша Құран бізге теңіз бен құрлықтан, жер мен таулардан шығатын күш-қуаттардың Алла тағала тарапынан екендігін баян етеді. «Әлбетте, көктер мен жерде, түн мен күндіздің ауысуында, ақыл иелері үшін дәлелдер бар» [19, «Әли-Имран» сүресі, 190-аят].

Ислам діні адам тегін сақтауды қамқорлыққа алады. Сол үшін ер мен әйелдің шариғи ақ неке арқылы ғана қосылуларын талап еткен. Сонда ғана адамның тегі тазалыққа, кәміл дәрежелерге жетеді. Ол жөнінде Құранда: «Әй адам баласы! Сендерді бәр кісіден (Адам атадан) жаратқан және Одан оның жұбайын (Хауа ананы) жаратып, ол екеуінен көптеген ерлерді, әйелдерді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар» [19, «Ән-Ниса» сүресі, 1-аят], «Алла тағала өздеріңнен жұбайлар жаратты. Жұбайларыңнан сендерге балалар, немерелер пайда қылды. Сондай-ақ, сендерге тап-таза нәрселерден рызық берді» [19, «Ән-Нахыл» сүресі, 72-аят], «Ей, мүміндер! Өздеріңді әрі үй іштеріңді (отбасыларыңды) отыны адамдар мен тастардан болған (тозақ) отынан қорғаңдар» [19, «Әт-Тахрим» сүресі, 6-аят].

Алла тағала адамзатты жаратып, оларға ризық пен нығметтерді үлестіруде оларды бірдей дәрежеде етпеді. Өзінің даналағы мен қалауына сай оларды бір-бірінен өзгеше қылды. Бұл өзгешелікті біз олардың дене бітімдерінен, ақыл-ойларынан, дүние-мүліктерінен байқаймыз. Құранда: «Біз олардың тіршіліктеріндегі несібелерін араларына үлестіріп, біреулері екіншілеріне жұмыс істеулері үшін кейбіреулерінің дәрежелерін көтердік», [19, Әз-Зухруф сүресі, 32-аят]. – делінген.

Әл-ауқаты төмен адамдар болса, Ислам оларды тіршіліктеріне қажетті қаржымен қамтамасыз ету міндетін өз қамқорлығына алды, ол қаржы Ислам

тіректерінің бірі – зекеттен түседі. Ислам қоғам игілігін қорғау үшін жеке адамның алдына бірнеше міндеттер мен аттауға болмайтын шектерді қойды:

1. Зинақорлықты әрі оған итермелейтін ойын-сауық мекемелерін тұрғызуға, газет-журналдарды басуға, көркем фильмдерді шығаруға, әдепсіз киімдерді тігуге, адамның құмарлығын қоздыратын өлеңдерді, билерді, әуендерді шығаруды арам етті. Мұнымен қоса, өсім алу, кісі ақысын жеу, пара алу, құмар ойындары, монополия, қанаушылық сияқты т.б. қоғам үшін зиянды еңбек түрлеріне тыйым салды. Ислам адам баласына дүниені өзіне де, өзгелерге де пайдалы болатын адал жолдармен ғана табуды бұйырды.

2. Ислам адам баласына дүниені адал жолмен табуды бұйырғаны сияқты, оның тек адал жолға ғана жұмсалуын талап етеді. Сол үшін мұсылман адам тапқан дүниесін арам жолға, күнәлі іс-әрекеттерге жұмсамайды. Оны ысырап етпейді. «Әлбетте, ысырап етушілер – шайтанның бауырлары» [19, «Әл-Исра» сүресі, 27-аят].

3. Адам баласының иелігіндегі дүние-мүлкі өзінің тірішілігіне жұмсауынан, отбасын асырауынан артылып жатқан болса, оны жинап, шариғатқа сай сауда түрлерін жүргізуіне, өнеркәсіптерді іске қосуына толық құқылы. Кейін түсіп жатқан пайдасынан пақырлардың үлесі зекетін беріп отырады. Мемлекеттің немесе қоғамның, болмаса туысқандарының одан көмек қажет ететін жағдайларында шамасы келгенше бар ықыласымен жәрдем береді. Адам дүниеден өткен соң дүние-мүлкі отбасысына үлестіріледі. Ең алдымен, ең жақын туыстарына бөлінеді. Бұл үлестіру шариғатта толық баяндалған. Егер оның артында ешбір туысы болмаса, дүниесі мұсылмандардың қаржы орталығына өтеді. Исламда кез келген парыз белгілі бір пайдасын тигізіп, хикметін ұсынады, сол секілді зекетте бірнеше пайда мен хикмет болады. Олар: бірінші зекетті беретін жанның қателіктерін тазалап, оның мал-мүлкінің еселенуіне септігін тигіеді. Зекеттің қоғам үшін маңызы мен атқаратын қызметі аса зор. Себебі ол әлеуметтік таптардың, яғни жағдайы жақсы, жаман, орта буындағы адамдардың қарым-қатынасын реттеп, теңестіреді. Оларды бауырмал болуға, бір-біріне мейірімділік танытуға шақырады. Жалпы айтқанда әлеуметтік тап жігі түсінігін жояды. Өйткені зекет бай мен кедейді жақындастыратын маңызды ғибадат. Зекет қоғамдағы ұрлық-қарылық, алдап-арбау, адам тонау, кісі өлтіру, құмар ойнау (казино, ойын автоматтары т.с.с) сияқты жаман әдеттердің алдын алады. Мысалы бір нәрсеге мұқтаж болған кембағал кісі мақсатына жету үшін жоғарыдағы айтылып өткен істердің кез келгеніне баруы әбден мүмкін. Зекет ғибадаты, Алла тағаланың берген байлық нығметіне шүкір болып саналады. Зекет беруші мұсылман әрқашан қолындағы байлықтың Алла тағала тарапынан берілген жақсылық екенін түсініп өзінен де зерек, қабілетті, денсаулығы мықты талай адамдардың бұл нығыметтен мақұрым екендігін түсініп сол нығметтерді өзіне нәсіп еткен Алла тағалаға шүкір етуі керек. Әр нығмет өзіне сай шүкір талап етеді. Ілімнің шүкірі оны басқаға үйретуменен дене мүшеміздің шүкірі ораза ұстап, намаз оқу тәрізді ғибадаттармен орындалатыны сияқты байлық нығметінің де шүкірі мұқтаждарға көмектесіп, зекет беру арқылы жүзеге асады.

Ислам құндылықтарының негізгі дені тазалық категориясынан бастау алатындығын атап өту қажет. Тазалық – жан және тән тазалығы болып бөлінеді. Исламдағы рухани құндылықтар жүрек тазалығынан, яғни рухани тазалықтан туындайды [56, 67 б].

Құран-Кәрімде жүрек тазалығы мағынасында «сәлим» сөзі қолданылған. Бұл сөздің «ислам» сөзімен де бірдей түбірі бар. Сөздіктегі мағынасы бойынша «қалбус – сәлим», яғни сырқатсыз, кемшіліксіз және күнәмен кірленбеген немесе кірленген болса да тәубамен тазаланған кіршіксіз жүрек мағынасын білдіреді. Тағы бір ерекше мағынасы болса, исламнан басқа барлық нәрсеге жабық жүрек ретінде де сипатталады. Әрбір күнә, басқа бір күнә үшін шақыру болып табылады. Яғни, істелген әрбір күнә тізбектелген домино тастары секілді бір-бірін қуалайды. Осылайша жүрек тозданып, нәрі кетеді. Құрандағы аяттарда және пайғамбарымыздың (с.а .у.) хадистерінде баяндалған «рейн» сөзі, күнәлармен жүректің тоз басуы, (кірленуі) мағынасын білдіреді. Күнәлар, тәубе ету арқылы жуылып-шайылып тазармаса, жүректі кір басады және осы жағдайдың қайталана беруі нәтижесінде жүректегі рухани жалын мүлдем өшеді. «Қалбус-сәлим», яғни кіршіксіз жүрек иесі болу, Құранда мүмин құл үшін белгіленген қағидаларды бұлжытпай орындау арқылы жүзеге аспақ. Бұл сипаттама жалпылама сипаттама болуымен қатар осы мәселеге қатысты барлық жәйді қамтиды. Хазіреті Айша (р.а.) анамызға: «Алла елшісінің аһлақы қалай еді?», – деп сұрағанда «сіз құран оқисыз ба өзі?», – деп қайта сұрайтын, «оқимыз», – деген жауап алған сәтте, «оның аһлақы Құран болатын», – деп жауап беруші еді [57, 81 б.].

Баршамызға мәлім Құранның шығу барысы өте қызық. Ол алғашқыда пайғамбардың жеке күнделігі ретінде шыққан. Яғни пайғамбарымыз осы кітап арқылы өмір сүру үшін жазылған. Содан кейін дәл осы кітапта жазылған жолмен пайғамбарымыздың артынан ерген үмметтері де жүруге тиіс болды. Олар барлық іс-әрекеті мен ойлау жүйесін, осы кітапқа негіздеуі шарт еді. Мұсылман қолымен және тілімен ешкімге зардап келтірмек емес. Бүгінгі заманда өзінің жүрек тазалығын айтып, адамдарға жақсылып істеп, оларды жақсы көремін, әрдайым солардың қамы үшін жақсылық жолында күресемін дейтіндер өте көп. Бірақ ол жандар өз Тәңірін мойындамаса, жүрек тазалығы туралы қалайша айта алады? Сенім болмаса, онда адамның жүрегі тазаланбайды. Сондықтан да ешқандай құны жоқ. Осылайша, амал болмаған иманнан да, иман болмаған амалдан да пайда жоқ. Осы екі жәйді бір-бірінен ажыратып тек қана жүрек таза деу бос әурешілік қана. Мысалы, кез келген бір жан өзінің туған жеріне, бүкіл адам баласына жақсылық жасап, пайдасы тиген болса, бірақ ол адам өзі қызмет етіп жүрген елінің заңдылықтарын, ережесін. Білмесе, оны мойындамаса онда ол адам қолға түсіп, жазаға ілікпейді. Осы секілді бүкіл ғаламның жаратушысы және иесін танымайтын бір жан, Отанына және халқына қанша жерден пайдалы қызмет атқарсын, бәрібір жаратушысын мойындамайтындығы үшін ақыретте жазасын шегеді. Адам баласы көптеген жақсылықтарды жасауы мүмкін, алайда ең әуелі жүректің шірктен және күфірден арылуы қажет. Мұнан қалса бұл жанның

жүрегі, Ислам негізіндегі өмірмен нәрленіп, Құран аһлағымен гүлденуі тиіс. Өйткені қандай да болсын жүрек, құран аһлағынан жат болса ондай жүректің «сәлим» таза болуы мүмкін емес.

Алла тағала Хазреті Дәудке (а.с.) былай деген екен: «ол үйді Мен үшін (тазалап) босат, Мен ол үйге кірейін!». Бұл, жүректің Алладан басқа барлық нәрсені өзінен аластауы арқылы тазалануы және шынайы «сүйіктімен» қауышуы болып табылады. Мұны тек қана халық арасында Хақпен бірге бола алатын, қайнаған халықтың ортасында әрқашан жүрегі Алла деп соғатын жандар ғана жүзеге асыра алмақ. Хақ жолындағы ардақты жолбасшымыз және пайғамбарымыз: (с.а.у.) «Адам бір күнә істегенде жүректе қара дақ пайда болады, алайда адам өкініп тәуба жасаса жүрек қайта жарқырайды», – деген екен [58, 45 б]. Бұл хадиске назар салсақ, «сәлим» яғни таза жүректің тек қана күнәлардан арылған және бүлікшіл емес рухтарда ғана болатындығын байқауға болады. Балаларды әкесінің тілін алмағаны үшін «тәрбиесіз» деп сөгеміз, алайда Жаратушының әмірімен парыз болған ғибадаттарды орындамаудың Аллаға бүлік жасау екендігіне мән бермейтіндігіміз өкінішті-ақ. Жүрек тазалығының белгісі – ардақты пайғамбарымыздың керемет аһлағына сай аһлақ иесі болу. Себебі ол, барша істе болғандығы секілді бұл істе де үмметті үшін нағыз үлгі, нағыз өнеге. Кез-келген адам өз аһлағын пайғамбарымыздың аһлағына сәйкестендіргенде ғана таза (сәлим) жүрек иесі болып саналады. Осылар ардақты пайғамбарымыздың бізден қалауы, осындай ниетпен қызмет еткенде жүрегімізді кірлететін істерге уақыт та қалмайды және жүрек тазалығына да кенелер едік. Ендеше ақыретте мүминнің кәдесіне жарайтын мал-мүлік, бала-шағаның көптігі емес жүрек тазалығы болып табылады. Өміріңді жақсылықпен өткізу, артыңа ізгіліктер тастап өлімге қауышу және осындай игіліктеріңмен қайта тірілу, ақыретте Кәусар бұлағының бастауына ұласу, ардақты пайғамбарымыз тарапынан ұзақтан таныла білу, міне бұлар мүминнің аңсаған арманы болар. Сүйікті пайғамбарымыз: «мен үмметімді танимын» дегенде, қалай танитындығы сұралған, сонда ол, «сіз, маңдайы қасқа, аяқтары ақ, сәйгүлікті жүздеген, мыңдаған аттың арасынан қалай танысаңыз мен де үмметімді дәрет алып «тазаланған» ағзаларынан дәл солай танитын боламын», – деген екен. Алла елшісі қаумын «симаһум фи вужухихим мин әсәрис сужуд» [19, «Фатһ» сүресі, 49/29] аятымен бекітіле түскен жүздеріндегі сәжде ізінен және дәрет алып (тазаланған) ағзаларынан танитын болады.

Иманды болу – иманның талаптарын орындауменен мәнді бола түспек. Иманның талаптары болса, діннің мүминдерден жасалуын талап еткен міндеттер мен жауапкершіліктер болып табылады.

Дәрет секілді әрі сыртқы әрі рухани негізі бар тазалықты орындамастан намаз оқылмайды. Сәждеге бас қою адам баласын неше түрлі теріс әрекеттер мен жамандық атаулыдан алытатып, қорғайды. Ауыз бекітудің пайдасы мол. Ол адамның рухын, сана-сезімін, ақыл-парасатын, ниеті мен пиғылын кемелдікке жеткізеді. Нәпсіні жеңуге септігін тигізеді. Ораза ұстау арқылы біз Тәңірге бір табан болса да жақындап, оның алдында адал екендігімізді

дәлелдей аламыз. Рухани тұрғыда байып, жаман, теріс ойларға жол бермейміз. Қажылық ғибадаты болса адамның ішіндегі менменшілдік, тәкәппарлық және өзін басқалардан үстем көрушілік секілді сырқаттардан арылтып, оны анасынан туғандай пәк етеді. Осы ғибадаттарды орындамастан адамдағы жүрек тазалығын тілге тиек ету айтарлықтай қиын. Ендеше жүрек тазалығының ең айқын белгісі, адам баласының өзіне парыз болған ғибадаттарды орындауы болып табылады.

Ахметов Руслан, тарихшы

Похожее