Мемлекет басшысы Қасиетті Успен кафедралдық соборына барды

09.01.2019

«Бүгін бүкіл Қазақстан, барлық конфессиялар мен этностардың өкілдері осы мейрамды атап өтіп жатыр. Бұл мереке мейірімділік пен бақ-берекенің символы саналады. Осы күні ескі өкпе-реніштер ұмытылып, мұқтаж жандарға көмек көрсетіліп, дұға оқылады», — деді Қазақстан Президенті.

Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап мемлекетіміздің этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту жөніндегі жұмыстарды жүргізіп жатқанына тоқталды.

«Біз бірлігіміздің арқасында экономикада және халқымыздың әл-ауқатын арттыру ісінде зор жетістікке жеттік. Мен егемендік жылдары ішінде православ христиандарының қолдауын сезіндім, сол үшін сіздерге ризашылық білдіремін», — деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің жер бетіндегі бейбітшілік пен тыныштықты сақтауға бағытталған жаһандық дінаралық диалогты дамыту ісіндегі рөлін атап өтті.

«Бұл күндері барлық православ қауымы Жаратушыдан жақындарына денсаулық пен амандық, елімізге тыныштық, бейбіт өмір мен келісім тілейді. Осы дұға-тілектердің бәрі қабыл болсын! Баршаңызды Рождество мерекесімен тағы да құттықтап, сіздерге зор денсаулық пен бақ-береке тілеймін! — деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның бірлік пен бейбітшіліктің арқасында ғана жаңа табыстарға қол жеткізетінін айтты.

«Біз достық пен өзара түсіністікті, бір-бірімізге деген сенімді нығайтуға бағытталған саясатымызды жалғастыратын боламыз. Осындай бастамамамен ғана алға ілгерілеп, болашақ ұрпақтың жайлы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасай аламыз», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Қазақстан Президенті Православ Шіркеуі Рухани-мәдени орталығының дін жолында құрбан болғандар мен дін таратушылар музейінің экспозициясын аралап көрді.

 
 

Похожее