Qazaqstan ұлттық арнасы: ауқымды ребрендинг

25.08.2017

Шығыс Қазақстанда көпшіліктің сүйіп көретін «Қазақстан-Өскемен» телеарнасы енді «ALTAY» деп аталатын болды.

Астана қаласында жуықта өткен жаңа маусымның тұсау кесу салтанатынан кейін, аймақтарда телерадиокорпарацияның жаңа маусымдағы жаңалықтары жайлы ақпараттандыру басталды, деп хабарлайды 16news.kz тілшісі.

Шығыс Қазақстанда көпшіліктің сүйіп көретін «Қазақстан-Өскемен» телеарнасы енді «ALTAY» деп аталатын болды. Сондай-ақ, жаңа телемаусымдағы Ұлттық арнаның көрермендерге дайындаған соны жаңалықтары жайлы облыстық арнаның директоры міндетін атқарушы Аида Жабағиева баспасөз-мәслихаты барысында бүге-шүгесіне дейін айтып берді.

«Жаңа телевизиялық маусым 28 тамызда басталады. Ұлттық арнаның көрермендеріне жаңа маусымда ұсынары жетерлік. Танымдық, тағылымдық, тәрбиелік жағынан мәні зор хабарлар мен халықаралық мега жобалар да бар», — деп атап өтті өз сөзінде Аида Жабағиева.

Осылайша, жаңа маусымға «Қазақстан» Ұлттық арнасы «Qazaqstan» деген жаңа атаумен, жаңа логотиппен келді.

Латын әріптерімен жазылған телеарна атауында өзгеріссіз қалғаны тек көк және сары түс. Сонымен қатар, жуықта «KazSport», «balapan» арналарының да  маусымашары өтеді. Ізінше, аймақтық телеарналар өз көрермендеріне жаңа телемаусымды ұсынатын болады. Айта кету керек, ребрендинг корпорация құрамына еніп отырған 14 аймақтық телеарналарды да қамтып отыр Осылайша, бұрынғы «Қазақстан - Ақтау», «Қазақстан - Шымкент», «Қазақстан - Қарағанды» және т.б өңірді айқын сипаттайтын атауларға ауысатын болды. Мәселен: Mangystau, Ontustik, Saryarka. Бұл қадам аймақтық телеарналардың көрермен кеңістігін кеңейтуге зор маңызы болады, дейді Аида Тілеубайқызы.   

Похожее