«Жас кәсіпкер»

25.01.2019

23 қаңтар күні «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» Жастар жылының ашылуы салтанатында Мемлекет басшысы «Бастау» жобасының тиімді тәжірибесін жалғастырып, «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеуді тапсырды

Мемлекет басшысы атап өткендей, қазіргі таңда елде 300 мың адам немесе жастардың 9%-ы білім беру және еңбек қызметіне жұмылмаған. Осыған байланысты аталған категориядағы жастар санын жыл сайын қысқартуға ықпал ететін тиімді шаралар қабылдау керек.

Елбасы бұл бағытта «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүзеге асырып отырған «Бастау» жобасын мысалға келтірді. Жоба арқылы ауыл-аймақта 43 мың адам бизнес негіздерінен білім алып, нәтижесінде 11 мың бизнес-жоба жүзеге асты, сондай-ақ 16 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.

 «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы соңғы екі жыл ішінде «Бастау» жобасын жүзеге асыруда... Мектеп бітірген соң колледж немесе университетке түсе алмай қалған жастар бар. Олар қандай бизнеспен қалай айналысуды қайдан білсін? Бұл бағытта жастарға тиімді салалар, несие алу, бизнес ашуға «Бастау» көмектесетін болады. Ұлттық кәсіпкерлер палатасына осы  жұмысты жалғастыру керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент шағын несиелеу және бизнеске оқытудың оң тәжірибесін негізге ала отырып, өңірлердің барлығында «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеу қажеттігін атап өтті. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін Елбасы Үкіметке 2019-2020 жылдарға 32 млрд теңге бөлуді тапсырды. Қолға алынған шаралар арқылы үш жыл ішінде 300 мың жас бизнес негіздеріне оқып, 80 мыңнан астамы жеке кәсіп аша алады.

«Оқуға қатысатын жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастардың санын жыл сайын 100 мың адамға жеткізу керек. Бұл қолымыздан келеді», – деді Елбасы.

Естеріңізге салсақ, «Бастау» жобасы «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Өткен жылы жоба ауқымы екі есеге артып, алғаш рет елдегі барлық аудан, облыс орталықтары мен моноқалалар қамтылды.  «Бастау» жобасы бойынша былтырғы жылы 160 аудан мен 40 қалада 28 345 адам оқу курстарына қатысып, 7,7 мыңы кәсіп ашып, бизнесін кеңейтті. Ал  жобаға 2017 жылы қатысқандардың 95%-ы кәсіпкерлікпен айналысып, бюджетке салықтық түсімдерді арттырып отыр.

 

Похожее