17.05.2017
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы,Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы он екі айдың сұлтаны – қасиетті Рамазан айы кезінде су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде жұршылыққа қажетті нысандарды тұрғызуға меценаттар мен кәсіпкер азаматтарды белсене араласып, жанашырлық танытуға шақырып отыр, деп хабарлайды 16news.kz сайты.
«Құрметті отандастар! Баршаңызға қасиетті рамазан айының қарсаңында жыл сайынғы дәстүрлі үндеуімді жолдаймын!Өздеріңізге белгілі, еліміздің Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы отандастарымыз айтып келмейтін табиғи су тасқынынан едәуір зардап шекті. Қаншама бауырларымыздың үйі су астында қалып, материалдық шығынға ұшырады. Осыған орай, жомарт жандар мен қайырымды кәсіпкерлер табиғи апаттан үй-күйсіз шарасыз қалған тұрғындарға қолдау көрсетіп, көмегін аямауда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да жанашыр жамағаттың демеушілігімен «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында киім-кешек, азық-түлік, тұрмысқа қажетті бұйымдар жеткізді. Кәсіпкер азаматтарды осы бағыттағы қайырымдылық жұмыстарға белсене атсалысуға шақырамын», — дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы,Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Сонымен қатар, бас мүфти мол сауап жинайтын кез — Рамазан айында азық-түлік, көкөніс пен тұрмыстық заттарға жеңілдік жасалса, Құдайы астар мен садақалар ауызашар уақытында ұйымдастырылса, тойлар ішімдіксіз өткізілсе, жамандықтың бастауы болған арақ-шараптың сатылуына барынша жол берілмесе деген тілегін үндеуде жеткізді.
Фото:
Похожее